Сау болыңыз!

Өмірінде бір рет те тұмаумен ауырмаған жан жоқ шығар. Күздің алғаш суық күндерінде суық тидіру мүмкіндіктері күрт өседі. Айналадағы бәрі түшкіріп, жөтеліп жүргенде, тұмаудан қалай сақтануға болады?

Осы жылы тұмаудан сақтанамын десеңіз, мұрын, тамақ, құлақтарыңызды ерекше күту қажет. 

Мұрын

Мұрын тыныс алатын ауаны жылытып, бактериялардан тазартып, ылғалдандырады. Даладағы температура -20 болса да, мұрын ауаны +25-ке дейін жылыта алады. Мұрын өзіне шаң-тозаң, тіпті ұсақ бөлшекті бактерияларды жинақтап, бізге таза, жылы ауамен тыныс алуға мүмкіндік береді.

Тұмау тигенде, мұрыннан су ағып, тыныс ала алмай қаламыз. Қандай ем қолдансаңыз да, оның мұрынға кері әсерін тигізбеу үшін 5-6 күннен кейін тоқтатқан жөн. Ал ең дұрысы профилактикалық дауалар жүргізу. Мұрынды арнайы қайнатпалармен шайып тұруды әдетке айналдырсаңыз, ешқандай тұмау сізге зиян бола алмайды. 150 мл суға 1/2 ас қасық тұз, емдік шөп түрлерін, арнайы ерітпелерді қосып, мұрынды жиі шайып тұрыңыз.

Тамақ

Әйгілі ОРВИ тек мұрынға ғана емес, сонымен қатар тамаққа да таралады. Асқынған жағдайда, ангинаға апара алады. Тамақты суықтан сақтау үшін:

Суық күндер келген бойда, мойыныңызға орамал байлауды әдетке айналдырыңыз.  Суық күндері далада көп сөйлей бермеңіз. Егер әу бастан тамағыңызды суыққа шыңдатпасаңыз, күзде суық сусындардан бас тартыңыз. Тамағыңызды аурудан сақтап қалу үшін, тамақпен емес, мұрынмен дем алыңыз.

Тамағыңыз ауыра бастаған жағдайда, тамаққа массаж жасасаңыз болады. Бұл негізгі емге жақсы көмекші болады. 

Мойыныңызды жоғары-төмен уқалаңыз. Мойыныңызды шапалақтап қойыңыз.  Басыңызды оңға-солға бұрып, жаттығулар жасаңыз.

Әр жаттығуды 8-10 рет, күніне бірнеше рет қайталаңыз.

Құлақ

Құлағыңыз бітеліп, шаншып ауырады ма? Демек тұмау құлаққа да жетті. Құлақ жылуды жақсы көреді. Сондықтан ауырып тұрған құлаққа жылытатын спиртке не кез келген майға малынған мақтаны салып қойыңыз. 

Суық тидіріп алсаңыз, дереу мына кеңестерді орындаңыз:

Аяқты ыстық суға салып, әбден жылытып алыңыз. Ұйқыңызды қандырып алыңыз. Көп ыстық сусындар ішіңіз (сүт пен бал, сүт пен май, тосап қосылған шай).

Осы күзді ауырмай өткізейік!

Дайындаған: Сания Аринова

Суреттер: zoj.kz