- Негізгі бет
- Денсаулық
- Салқын душтың 5...
Салқын душтың 5 пайдасы
Салқын душ қабылдаған соң адам эмоционалдық тұрғыда жеңілдеп қалады. Өйткені салқын суға түскенде қанға түсетін эндорфин "қуаныш гормонының" мөлшері еселенеді. Ал 1-2 минут салқын судың астында тұру тыныс алуды 6 есе жылдамдатып, жүрек соғысын 10-15 пайыз еселей түседі екен. Салқын душтың басқа қандай пайдасы бар?
Ерік-жігерді шынықтырады
Салқын душ – ерік-жігерді дамытуға арналған тамаша жаттығу. Жігерлі адам ғана жетістікке жетіп, табысты болады. Оған қоса ерік-жігерді шыңдау арқылы өмір сүру салтын да дұрыс жаққа қарай өзгертуге мүмкіндік бар. Ал ерік-жігерді жаттықтыру үшін күніне 1 минут қана жеткілікті. Ол үшін салқын душқа түсу қажет.
Шыдамды болуға үйретеді
Адам қолайсыздықты бастан өткізіп қана оған бейімді бола түседі. Салқын душ арқылы бойыңызды жағымсыз сезімге үйретуге болады. Осының арқасында өмірде де қызбалыққа салынбай, шыдамды болуға үйренесіз.
Кішігірім медитация
Медитацияға тыныс алу жаттығулары кіреді. Дем алуды бақылауда ұстағанда уақытты да қолға аламыз. Салқын душ бұл әсерді еселей түседі. Адам салқын суға түскенде жылдам тыныс алып, дем алуды ғана ойлайды. Осылайша салқын душқа түсіп, проблеманы ұмытып, күйзелістен арылуға болады.
Бойсұнуға үйретеді
Салқын душ психологиялық "тепкі" берудің шебері. Бойыңызды салқын суға үйрету үшін ұзақ тұру керек. Салқын душ қабылдауды күнделікті әдетке айналдырсаңыз, өзіңіздің сабырлы, қуатты бола түскеніңізді байқайсыз.
Иммунитет күшейеді
Салқын душ иммунитетті күшейтіп, ағзаны түрлі аурулардан қорғайды. Салқын душ бойға қан жүгіртіп, ағзаны жаттықтырады. Сол арқылы ағза бойдағы бактерия мен вирусқа қарсы тұра алады.
А. Рысдәулет