Үндістандағы Пудучерри қаласында дүниеге келген сәби 18 айға дейін басқа балалардан ерекшеленбеді. Алайда, біршама уақыт өткеннен кейін бала күрт өзгеріп сала берді: оның дауысы өзгереді, жыныстық мүшелері өседі, бетіне безеулер шығады, дөрекі әрі қызуқанды болып шыға келеді.
Көз алдарында болып жатқан құбылысқа таңданған баланың ата-анасы JIPMER қызметкерлеріне жүгінеді. Бұл – елдегі ең үздік медицина орталығы.
Медицина қызметкерлері адам нанғысыз диагноз қойды. Сәбидің бойында болып жатқан өзгерістер өтпелі кезеңде, яғни адамның 12-14 жасында болатын құбылыстар екен. Балаға арнайы курстар тағайындалғанымен, ешбір әсері болмайды. Емдеу шаралары арзанға түспегендіктен, ата-анасы барлық жиған-тергенін тауысып бітті.
Институттың белгілі нейрохирургі Рупеш Кумар сәбидің миына ота жасауды ұсынады. Бұл ота оның өсу процесін баяулатуы керек болатын. Әйтпегенде, бала жеті жасқа толғанда, ересек еркектің күйін кешетін еді. Бұл – өте қауіпті проблема. Баласының болашағына алаңдаған ата-ана тәуекелге бел буып, отаға келіседі.
Ауыр хирургиялық отаның нәтижесінде, дәрігерлер баланың гипоталамусынан потологиялық даму талшықтарының біршама бөлігін алып тастайды. Ота өте сәтті өтіп, мидың басқа құрылыстарына зиян тимейді. Нәтижесінде, кішкентай үндістандықтың ағзасындағы гормондардың деңгейі қалыпқа түседі.
Жалпы, қалыптан тыс жыныстық жетілу 5-10 мың баланың бірінде ғана болатын жағдай. Бірақ ол мұндай жаста емес, 2-3 жастан кейін байқалатын құбылыс.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: byakinet