Балаңыздың саусағын сорып, қолын үнемі аузынан алмайтынын аңғардыңыз ба? Әдетте, олар бас бармағының немесе сұқ саусағының тырнағына «тыныштық» бермейді. Тістемегендігін айтып, өзіне шаң жуытпауы да мүмкін. Ондай жағдайда дүрсе қойып, ұрсудың пайдасы шамалы. Жазаламаңыз да.
Өйткені тістелген тырнақ − ішкі жан айғайдың белгісі. Қатты ренжігенде, ашуланғанда, қорыққанда, өзге де көңіл күйге берілгенде осындай іс-әрекетке барады. Тырнағын жеу арқылы жүйкесін тыныштандырады. Мұндай жағдайда, ең дұрысы − психолог маманға ертіп барыңыз.
Баланың осы бір әдетін қойғызу үшін ескі тәсілдерді қолданбаңыз. Саусағын ұрып, ащы бұрыш жағып, қорқытып, үркітіп дегендей. Бір ананың 5 жастағы ұлының саусағын тырнақ тістеуін қойғызу үшін ыстық ыдысқа басып күйдіргені жайлы әңгіме бар. Бұл әдет те саусақ буындарын шыртылдатып, шашын сипалау секілді жиі кездесетін әдеттің бірі. Тек сіздің балаңыздың ерекшелігі − тырнағын тістейді. Сондықтан бірден дүрбелең салып, онсыз да тынышсыз көңілін жабырқатпаңыз.
Айтып өткеніміздей, саусағын аузына салған баланың ішкі жан дүниесінде қандай да бір өзгеріс болады. Оны дер кезінде анықтай білу керек. Ең басты себептері:
Үлкендерге деген өкпесі. Ата-анасының қарым-қатынасы да балаға әсер етеді. Үй ішіндегі ұрыс-керіске, өзге де жайсыздықтарға деген қарсылығын осылайша көрсетеді.
Мультфильм, киноға әсершілдігі.
Ұяңдық, сабырсыздық. Көпшілік ортада өзін қалай ұстауды білмей, сасқалақтап, тырнағына «жүгінуі» мүмкін.
Себептері белгілі болған соң, бұл нашар әдетпен күресті бастаңыз. Бірақ, оны баланың өзі де байқамағаны дұрыс.
Бірнеше күн қадағалаңыз. Теледидар алдында отырғанда немесе ойын ойнағанда өзі де аңғармай қолын аузына салуы мүмкін. Байқай қалсаңыз, көңілін дереу басқа бағытқа бұрыңыз. «Келе ғой, балам! Екеуіміз мына ойынды бірге ойнайықшы», «Сурет салсақ қайтеді т.б.
Тырнағын өсірмей, жиі-жиі алып отырыңыз.
Қыз болса, танымал әншіның, актрисаның тырнағын, тіпті, өзіңіздің тырнағыңызды көрсетуіңізге болады. Тістелген тырнақты мұндай әдемі болмайтындығын түсіндірсеңіз, ұқсап көруге тырысады.
Қатігездік кездесетін мультфильм, киноні көруге тыйым салыңыз.
Бала бақша тәрбиешісінен балаңызды ерекше бақылауға алуды өтініңіз. Қасындағы достарымен ренжісіп немесе өзін бұл ортада қолайсыз сезінуі мүмкін.
Ол сіздердің махаббаттарыңызға өзін лайықсыз сезінуі де мүмкін. Жақсы көретініңізге күмәні болмауы керек. Сондықтан жиі-жиі ата-аналық мейіріміңізді көрсете біліңіз.
Осылайша, бірте-бірте тырнақ тістеуді және жеуді қойып кетеді. Бұл − өте ұзақ барыс. Дегенмен, осы кеңестерге құлақ ассаңыз нәтижесі жаман болмайды.
Дайындаған: Сұңқар Ақбоз
Сурет: mamaleyuan.com