Жазда майонез қосылған салаттардан, көше тағамдарынан, ысталған тамақтардан бас тартқан дұрыс. Өйткені ыстықта бұл өнімдер қауіпті болуы мүмкін. Рационда жемістер мен көкөністер болғаны жөн. Сонымен қатар, зиян тағамдарға дәмді балама табуға болады. Бұл туралы "Спутник в Крыму" радиосында дәрігер Вера Павлова айтты, - деп хабарлайды РИА Новости.
Оның айтуынша, ыстықта барлық тамаққа, әсіресе ет, сүт және балық өніміне ерекше назар аудару керек, бұл орайда жарамдылық мерзімін бақылау аса маңызды.
Ысталған ет, шұжық және басқа да ет тағамдарын термиялық өңделген етпен алмастырған дұрыс екен.
"Еттің майсыз түрлерін, термиялық өңделген түрін тұтынуға болады. Яғни, бұл шұжық емес, орнына котлет және ол тауық етінен болғаны жақсы. Бірақ үйдегі котлеттер қатырылмаған болса, тоңазытқышта екі күннен артық сақтамау қажет. Ұзақ мұздатылған тағам көптеген пайдалы қасиетін жоғалтатынын ескеріңіз. Мұндай котлеттерде ақуыз сақталса да, әртүрлі микроэлементтер мен дәрумендер жоғалады", - дейді дәрігер.
Дәрігер роллдарды сүйіп жейтіндерге үйге тапсырыс беруден бас тарту керегін айтты. Өйткені ас үйде тағам дұрыс дайындалса да, келер жолда бүлінуі мүмкін. Сондықтан орнына жақсы мейрамханаға барған дұрыс.
Балық өнімдеріне келетін болсақ, жазда олардың барлық майлы сортын рационнан алып тастаған дұрыс екен, сонымен қатар тұздалған балықтан, майшабақтан бас тартқан жөн. Ол іс жүзінде шикі өнім, сондықтан улануға себеп болуы мүмкін. Оның орнына майсыз сорттардан қайнатылған балықтарды қосуға болады.
Дәрігер кәуапты жақсы көретіндерге етті өздігінен маринадтауға кеңес береді, оны дайындайтын орынға міндетті түрде тоңазытқыш секілді сөмкеде апару қажет. Өйткені маринад бактерия көбеюінен толық қорғамайды. Сонымен қатар, дәрігер бәліш, шауырма және басқа көше тағамдарын сатып алудан сақтандырды. Оның орнына мұның бәрін үйде дайындап, жеген дұрыс.
Маманның сөзінше, жазда жеңіл тағамдарға көшкен ең абзалы. Жаңа піскен көкөністер мен жемістерді көбірек жеу керек, оларды алдымен жуып, қайнаған су құю қажет. Көкөністен жасалған салаттар да пайдалы. Тамақтанар алдында газсыз бір шыны минералды су ішу арқылы артық тамақтанудан сақтануға да болады.