Порталды гипертензия синдромы

Порталды гипертензия синдромы

"Порталды гипертензия синдромы" туралы хабарыңыз бар ма? Ғаламтордағы сансыз ақпарат ағымынан нақты мәлімет таба алмай қиналдыңыз ба? Ендеше, кәсіби маманның пікіріне көз жүгіртейік.

Порталды гипертензия синдромы деген не?

А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының эндоскопист, гастроэнтеролог маманы Абдиев Нүркен Махамашұлы:

- ПГ – қанағымның бұзылысы салдарынан туындайтын, бауырдың қақпалық венасы жүйесіндегі қысымның көтерілуі.

ПГ кезінде спленомегалия (көкбауырдың ұлғаюы), асқазан және өңеш веналарының варикозды кеңеюі (ВВК), асцит, бауыр энцефалопатиясы сияқты аурулар қатар байқалады.

ПГ көп жағдайда бауыр циррозының (БЦ), бауыр тамырларының немесе олардың тромбоздарының құрылымдық аномалияларының, порталдық венаның қатерлі ісікке байланысты қысылып қалуының салдарынан туындайды.

Ең ҚАУІПТІ асқыну жағдайы — қан кету.

Мысалы, БЦ бар науқастардың 90%-да өңеш, асқазан және ішектің ВВК дамиды. Мұның 30%-да қан кету байқалады. Қан кетудің бірінші жағдайынан кейінгі өлім-жітім 50%-ды құраса, 1-2 жылдың ішінде ВВК-дан қайталай қан кету қаупі 50-70%-ды құрайды. Әрбір қан кету жағдайынан кейінгі өмір сүру мүмкіндігі екі есе кеми түседі.

ПГ ересектерде де, балаларда да кездеседі. Балаларда порталдық жүйе тамырлары патологияларының фонында, ал ересектерде БЦ фонында дамиды. БЦ кезінде қан түзу жүйесі (тромбоцитопения, анемия) зақымданады, ал организмде токсиндер түзіліп, сұйықтық жиналады (асцит).

БЦ-ның негізгі себептері — ВИРУСТЫҚ ГЕПАТИТТЕР және алкоголь, химикаттармен ұзақ мерзімді улану және т.б.

Ауру ағымын болжау бауырдың зақымдалу дәрежесіне байланысты. Гепатологтың бақылауында болып, диета ұстанса, уақытылы тексеріліп, емделіп тұрса ауру ағымы біршама жақсарады. Алайда декомпенсация деңгейі жағдайында бауыр трансплантациясын жасауға кеңес беріледі.

Сондай-ақ қан кетудің алдын алу шаралары да орындалуы қажет. Бұл мақсатта эзофагогастродуоденоскопия жүргізіледі. Қан кету қаупі жоғары екенін білдіретін ірі ВВК немесе қызыл маркерлер анықталған кезде веналарды склерозирлеу немесе лигирлеу орындалады. Егер ВВК-ның өлшемі шағын болса немесе ВВК мүлдем болмаса, қайта тексеру бір жылдан кейін жүргізіледі.

АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ         

- Операциядан кейін В және С вирусты гепатиттеріне анализ тапсыру;

- Қандай да бір күдік пайда болған кезде қосымша тексеру түрлерін (анализдер, УДЗ, ЭГДС және т.б.) өту керек;

- Фондық аурулар (гепатит және т.б.) болған жағдайда гепатологтың консультациясы керек.

Н. Үсенова