Полидәрумен кешенін таңдау

Полидәрумендер – бұл бірнеше түрлі дәруменнен, кейде қосымша микроэлементтерден, органикалық заттар мен басқа да адам ағзасына қажетті заттектерден тұратын медициналық препарат. Полидәрумендердің басты мақсаты – тағамнан алынатын жеткіліксіз дәрумендердің орнын толтыру. Әр адамның ағзасы оның жасына, қоршаған ортаның жағдайына, өмір салтына, денсаулығына байланысты әртүрлі дәрумендерге зәру болуы мүмкін. Сондықтан бәріне ортақ полидәрумендер кешеніне нұсқаулық беру қиын.

Полидәрумендер кешенінің құрамы

Негізінде медициналық препараттардың көбі он дәрументектес заттектен тұрады. Және әрқайсысы түрлі элементтер тобын құрайды. Мысалы, Р дәрумені 150 заттектен тұрады. Сондықтан полидәрумендер кешенінің неше түрлісі болуы мүмкін, бірақ көбінесе олар біртипті: заманауи адамға жетіспейтін ең қажетті деген дәрумендерден тұрады. Бұл – көру қабілетін жақсартатын А дәрумені, зат алмасуды реттейтін В дәрумені, иммунитетті жақсартатын және ағзаны жұқпадан қорғайтын С дәрумені, балалардың өсуін және ересектердің сүйектерін қатайтатын Д дәрумені, жүйке жүйесіне қажетті Е дәрумені, сонымен қатар ми жұмысы мен жүрек-тамыр жүйесінің қызметін жақсартатын омега – поли қанықпаған май қышқылдары.

Адам ағзасы жоғарыда аталған дәрумендерді өндірмейді, тағамнан жеткіліксіз мөлшерде бөлінеді және ағзада тез қорытылып кетеді. Сонымен қатар полидәрумендерге темір, фосфор, кальций, магний қосылады, олардың кейбірі дәрумендердің тез қорытылуына көмектеседі. Мысалы, Д дәруменінің жақсы қорытылуына кальций қажет. Бұдан өзге, бұл микроэлемент тірек-қозғалыс аппаратын қатайтады.

Полидәрумен кешенін таңдау

Полидәрумендер таңдағанда, бірінші кезекте ағзаға нақты қандай дәрумендер жетіспейтінін анықтап алу керек. Егер дәрумендер кешенін дәрігер ұсынып тұрса, онда нұсқаулығына құлақ түріп, қажетті препаратты сатып алған жөн. Егер дәрумендерді өз еркіңізбен қабылдамақ ниетте болсаңыз, онда мақсатын айқындап алыңыз – бір кешен аурулардың алдын алу үшін, басқасы иммунитетті жақсарту үшін, жүкті әйелдерге, балаларға, егде жастағы адамдарға арналған дәрумендер кешені бар.


Мақсаты айқындалған соң, дәрумендердің құрамына назар аудару қажет: егер сіз аурулардың алдын алатын кешенді таңдасаңыз, онда тәуліктік норманың 50%-ын қамтитын заттектердің барынша толық жиынтығы ұсынылған препаратты таңдаңыз. Сонымен бірге кез келген кешенді таңдағанда тәуліктік норманың 100% мөлшерінен асатын препарат сатып алмаған жөн, өйткені ағзада дәрумендердің мөлшерден тыс көп болуы да денсаулыққа кері әсер етеді. Орташа мөлшердегі жақсы полидәрумендерге «Аевит», «Витрум», «Центрумды» жатқызуға болады.

Дәрумендерді үнемі үзіліссіз пайдаланудың қажеті жоқ, жылына екі айдан аспайтын екі-үш курс жасап тұруға болады.

Синтетикалыққа қарағанда табиғи полидәрумендер кешенін таңдаңыз: біріншісінің құрамында жасанды бояулар, қант, қосындылар, хош иістендіргіштер мен басқа да қоспалар болады. Оған қоса, табиғиға қарағанда дұрыс қорытылмайды. Дәрумендердің сертификатталғандығына және сапа белгісінің бар екендігіне аса назар аударыңыз.

Сурет: nsp.lv, ja-zdorov.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина