Қазақта подаграны «тұз байлану» деп атайды. Тұз байлану буын қабынуының немесе артрит ауруының ең көп тараған түрлерінің бірі. Оған әйелдерге қарағанда көбінесе орта жастағы ер-азаматтар ұшырайды.
Дерттің пайда болу себебі
Подагра (грек. podagra — аяқ үшін қақпан) — организмде зат алмасу процесінің бұзылуынан қанда несеп қышқылының артуы мен оның тұздарының буындарда, дене мүшелерінің басқа тіндерінде жиналуынан пайда болатын созылмалы ауру. Яғни бұл кеселге шалдығуға тәнде несеп қышқылының (мочевая кислота) көбейіп кетуі себеп болады және бұл кеселге ұшырағандарда әдетте несеп қышқылы шамадан тыс түзіледі. Әрі бүйрек оны тәннен мардымсыз мөлшерде шығарады. Соның салдарынан несеп қышқылының қалдығы біріне-бірі қосылады. Содан мөлшерден тыс көбейген несеп қышқылы буынға барып байланады. Ол онда түйіршік-түйіршік кристал түрінде пайда болады да, сол өзі байланған буынды қабындыра бастайды. Алайда несеп қышқылы мен подагра сырқатының арасында тікелей байланыс жоқ. Тіпті кейде бұл науқасқа несеп қышқылы қалыпты деңгейдегі кісілер де ұшырайды. Негізі несеп қышқылының молайып кетуіне бүйрек қызметінің бұзылуы негізгі себеп болады. Сонымен қатар бұған кейде дәрі-дәрмектік препараттардың қайсы бір түрлерін қабылдау да қозғау салады.
Негізгі белгілері
Дене мүшелерінің бір буыны немесе бір-екі буыны ісініп, қызарады. Зақымданған буын жанға батып ауырады. Осындай сырқатты күй бірнеше аптаға созылады. Мұндай жағдайды көбінесе подагра ұстамасы деп атайды. Ұстама көбінесе түнгі мезгілде күшейеді. Буынның зақымданған тұсы ыстық болып қызынып, сипағанда алақанға білініп тұрады және мұндайда тұз байланған тұстың сезімталдығы артып, науқас саусақ тигізгеннің өзін көтере алмайды.
Бұл дертке негізінен бақайдың буыны шалдығады. Сонымен қатар алақаннның, саусақтың, тізенің т.б. дене мүшелерінің буындары да ұшырауы әбден мүмкін. Қайсыбір жағдайда буынға қоса сіңірдің де қабынуы ықтимал.
Подагра ұстамасы ұзақ уақыт бойы жиі қайталанып тұрса, буын елеулі түрде зақымға ұшырайды. Оның қозғалып, өз қызметін атқаруы қиындайды. Кейбір жағдайларда буын терісінің астында немесе құлақ қалқанының маңайында ақ түйнектер түзіледі. Бұл түйнектер несеп қышқылының жинақталып қалған кристалдары болып табылады.
Емдік шаралары
Егер де жоғарыда айтылған осы белгілер байқалса, тез арада дәрігерге қаралу қажет. Ол кеселіңізді әртүрлі жолмен зерттеп дертіңізге нақтама қояды. Дәрігерге неғұрлым уақыт өткізбей уақытында қаралсаңыз, ем де соғұрлым пайдалы болады. Ем дұрыс тағайындалған жағдайда подагра асқынуының беті 1-2 күннің ішінде қайтады. Сонымен қатар бұл дертке шалдыққаныңыз анықталған бойда дәрігердің барлық белгілеген ем-домдық шараларын мұқият орындау қажет. Тұз байлану кеселіне шалдыққан кезде суды мол ішуге тиіссіз. Әсіресе көк шай ішкен пайдалы.
Мынадай тағам түрлерін тұтынуға болмайды
• Құрамында пурині мол тағамдарды ішіп-жеуден бас тарқан абзал. Бұл әсіресе аурудың асқыну кезеңінде айрықша маңызды. Пурині мол тағамдарға мыналар жатады: малдың жүрегі, бүйрегі, бауыры мен миы және басқа мүшелері. Балықтың майлы түрлері. Сонымен қатар тұздалған, қуырылған балық тағамдары. Ащы және тұзды ірімшіктер. Мал еті және малдың еті қосылған тағам түрлері. Құстың, балықтың етінен және саңырауқұлақтан дайындалған сорпалар. Қақталған ет тағамдары. Жай бұршақ, үлкен бұршақ, соя секілді бұршақ тұқымдас дәнді дақылдар
• Спиртті ішімдіктер. Алкогольді ішімдіктерді ішу денедегі несеп қышқылын одан әрі көбейтеді және бүйректің оны сыртқа шығаруын қиындатады.
Сақтану жолдары
Подагра ұстамасы кезінде зақымданған, қызарып, ісініп тұрған буындарға күтімді күшейтуге тиіссіз. Ондай жағдайда үстіңіздегі киім мен аяқтағы аяқ киімнің қажауын болдырмауыңыз қажет. Денеңіздің салмағын үнемі қадағалап отыру керек. Алайда өз бетіңізше салмақ қуамын деп, ешқандай шара қолданбаңыз. Сіз денсаулығыңызға қатысты не істесеңіз де дәрігердің бақылауында болуыңыз шарт. Салмақты шамадан тыс қуу тұз байлану кеселін одан әрі асқындырады. Пайдаланғыңыз келген дәрі-дәрмектің бәрін дәрігерге көрсетіңіз. Оның мақұлдауымен, ұсынуымен ғана қабылдаңыз. Дәрігер қанға сараптама жасау және денедегі несеп қышқылының мөлшерін анықтау, басқа да қосымша әртүрлі зерттеулер арқылы науқастың дертін нақты анықтай алады. Подагра ауруы ұзаққа созылған кезде буынға рентгендік зерттеу жасалады. Дәрігер асқынған подаграға дәрі-дәрмектік ем тағайындайды. Сонымен қатар науқасқа ол ем-дәмдік шаралар мен қозғалыс белсенділігін арттыратын дене жаттығуы жөнінен ұсыныстар, кеңестер береді. Дәрігердің қосымша зерттеулері арқылы таңдаған емдік тәсілдері қандағы несеп қышқылын азайтуға бағытталады. Бұл ретте подаграның асқынуы кезіндегі ем-домның денедегі несеп қышқылының мөлшерін кемітпейтінін есте ұстаған жөн.
Есіңізде болсын, подагра жұқпалы да болуы мүмкін. Егер де оған туған-туысқанның бірі шалдыққан болса, ол адам қатер тобына жатады. Яғни подаграның оларға да таралуы ғажап емес.