Отырып жұмыс істеу мен аз қозғалу қазір адамзаттың үлкен проблемасына айналып барады. Кеңседегі жұмыс арқа ауруына, бұлшықеттің әлсіреп, салмақтың артуына, күйзеліс пен көңіл-күйдің, дененің шаршауына себеп болады.
Мұны болдырмаудың бір-ақ жолы бар: ол – жаттығу жасау. Ең бастысы – көп қозғалып, тұрысты азайтып, жүрісті көбейту.
Зерттеушілер аз қимылдайтын адамдарға күніне қанша уақыт жүру керегін анықтады. Мәселен, ағылшын зерттеушілерінің British Journal of sports medicine журналында жарияланған ғылыми мақаласында "отырыстың" зиянын болдырмас үшін күніне 30-40 минут белсенді қимылда болу керегін айтады. Ағзаны қалыпты ұстау үшін осы уақыт жеткілікті.
Зерттеушілердің айтуынша, күнде 40 минут белсенді физикалық жаттығу жасау арқылы 10 сағаттық отырыстың зиянын "кетіруге" болады. Жаяу жүруге де, жүгіруге де, жаттығу жасауға да болады.
Ғылыми зерттеу жүргізген мамандар төрт елден 44 мың адам жинап, оларға фитнес-трекер тағып бақылаған. Кейін спорт пен медицинаға қатысты зерттеу жұмыстарының нәтижесін салыстырып, метаталдау жасаған.
Талдау нәтижесі көрсеткендей, күніне 30-40 минуттан аз қимыл жасаған азаматтардың өлім қаупі жоғары болатын көрінеді.
Ал адамға денсаулығын жақсы сақтауы үшін аптасына 150-300 минут немесе кем дегенде 75-100 минут белсенді қозғалыс жасау жеткілікті.
"Мұндай кеңестің көмегі көп. Әсіресе, пандемия кезінде үйде не кеңседе отырғандарға маңызы зор", - дейді зерттеу авторларының бірі, Сидней университетінің маманы Эммануэль Стаматакис.