- Негізгі бет
- Денсаулық
- Өткір соқырішек (аппендицит)...
Өткір соқырішек (аппендицит) туралы не білесіз?
Аппендицит – соқырішектің құрт тәрізді өсіндісінің қабынбалы ауруы. Бұл ауруға кез келген адам шалдығуы мүмкін. Көбінесе бұл аурумен балалар мен 15-35 жас аралығындағы жастар ауырады. Ал өткір соқырішек (аппендецит) үлкендерде де жас балаларда да кездесе береді. Өткір аппендецит – құрсақ қуысы мүшелерінің ең көп тараған, тез арада ота жасауды талап ететін хирургиялық ауру. Назарларыңызға аурудың негізгі белгілері, түрлері жөнінде ақпарат ұсынамыз.
Науқасқа көрсетілетін алғашқы жәрдем
Соқырішек өте қауіпті дерт болып саналады. Құсу, іштің өтуі, кебуі, түйіліп ауруы, тәбеттің жоқтығы, жүректің айнуы секілді алғашқы белгілері білінген сәтте жедел жәрдем шақырту керек. Дәрігер келгенге дейін науқасты төсекке жатқызып, оң жағына мұз қатырылған бөтелке қойған дұрыс. Ал өткір соқырішекке шалдыққан науқастарға жылытқы басуға, ауруды басатын дәрі ішуге болмайды. Сонымен қатар тамақ жеп, су ішуге де тыйым салынады және іш жүргізетін дәрілерді де ішуге болмайды. Себебі қабынып тұрған соқырішек (аппендикс) жарылып кетуі мүмкін.
Соқырішектің қабынған түріне көбіне мыналар жатады:
1. Преитонит (көк еттің қабынуы) – құрт тәрізді өсінді жарылып кеткен кезде пайда болатын өткір аппендициттің қатерлі асқынуы. Көк ет қабынған кезде науқастың сауығу мүмкіншілігі азаяды.
2. Ішектің тарылуы. Соқырішекке шалдыққанда іштің кебуі, жүректің айнуы, жиі-жиі құсу, тамырдың іріңді қабынуы мен бауырда ұсақ ірінді жаралардың пайда болуы ішектің тарылғанының белгісі.
Өткір соқырішектің (аппендициттің) даму сатылары
1. Қабынба аппендицит – бұл аппендицит дамуының бастапқы сатысы. Қабынба аппендицит азын-аулақ қабыну мен құрт тәрізді өсіндінің ұлғаюымен сипатталады. Қабынба сатыдан өткір аппендицит дами бастағанда іштің жоғарғы жағы ауырып, жүрек айниды.
2. Іріңді аппендицит – қабынба аппендициттен кейін дамиды да аппендикстің қабырғалары мен қуысында іріңді ошақтар пайда болады. Бұл сатыда науқас оң жағы қатты ауырып жатқанын сезеді.
3. Флегмонозды аппендицит – іріңді аппендициттен кейін дамиды. Бұл сатыда құрт тәрізді өсіндінің, яғни соқырішектің көлемі қатты ұлғайып, толықтай ірің басады. Флегмонозды аппендицит басталған соң бірнеше сағаттан кейін құрт тәрізді өсінді жарылып кетуі мүмкін. Бұл өсіндінің жарылуы — аппендициттің төртінші сатысының дамуы болып саналады.
4. Созылмалы аппендицит. Кейбір адамдардың ағзасы басталып келе жатқан соқырішектің қабынуын өз күшімен жеңе алатын ағзаның қорғаныс күшіне бай болуы мүмкін. Алайда ағзаның қорғаныс күші әлсірегенде немесе іштің бұлшық еттеріне күш түскенде қабыну қайтадан бас көтереді. Бұл дерт қозған кезде көк еттің қабынуына қауіп төндіреді және ауру қозғанда дәрігер шақыртуға тура келеді. Созылмалы аппендицит кезінде соқырішекті алып тастамаса да болады. Алайда ауру қайта-қайта қоза береді.
Балаларда кездесетін өткір аппендицит
1 жасқа толмаған балалардың арасында өткір соқырішек өте сирек кездеседі. Көп жағдайда өткір соқырішек 7-8 жастан асқан балаларда пайда болады. Өткір соқырішектің жоғарыда аталып өткен белгілері соқырішекке шалдыққан балаларда пайда болуы мүмкін. Дегенмен балалар соқырішегінің өзіне тән мынадай сипаттамалары мен белгілері бар. Соқырішекке шалдыққан бала солыңқы, ерке болады және төсекте көп жатады, тәбеті жоғалады. Оң жағына қарай тартып іші сыздап ауырады. Аздап дене қызуы көтеріледі. Күніне 2-3 рет құсады. Егер балаңыз ауырған кезде төсекте аяқтарын ішіне қарай жиырып жатқанын және аталған белгілерді байқасаңыз, бірден жедел жәрдем шақырыңыз.
Соқырішектен кейін қандай емдәм ұстау керек?
Ота жасатып, соқырішекті алып тастағаннан кейін науқасқа су немесе шай ішуге болады. Дерт кезінде диета ұстау науқастың жағдайы мен талғамына байланысты болуы керек. Аппендициттен кейін сұйық ботқа, әртүрлі сорпалар, сары май, ірімшік, бұқтырылған жемістер мен балық жеген дұрыс. Ал майлы, тұзды, ащы және қышқыл тағамдарды жеуге тиым салынады. Дегенмен диетаны дәрігердің келісімімен ұстаған дұрыс.
Н. Үсенова