Инфекцияны бей-берекет жыныстық қатынасқа түскен кез келген ер адам жұқтыруы мүмкін. Оны жұқтыру оңай, бірақ емделу әлдеқайда қиын. Massaget.kz порталының тілшісіне уролог-андролог Құрманбеков Тұрар ерлерге қандай инфекциялар өте қауіпті екенін айтып берді.
Ең қауіпті инфекциялар
Жыныстық жолмен берілетін инфекциялар жұқтырған ерлер өзінің инфекция жұқтырғанын белгілі бір уақытқа дейін мүлде байқамай жүруі мүмкін. Себебі кейбір инфекциялардың симптомдары жасырын жүреді.
Аурудың басталуының кейбір белгілерін елемеу оның созылмалы түрге айналуына ықпал етеді. Соңы әлсіз эрекцияға, ерте эякуляцияға, простатитке, аденомаға, импотенцияға, бедеулікке және ерлердің балалы болуы және басқа да ауру түрлеріне әкеледі.
"Жыныстық инфекциялар ішінде ең қауіптісі Хламидоз (Chlamydia trachomatis) және Трихомониаз (Trichomonas vaginalis). Осы екеуін жұқтырғанда олардың басқалардан айырмашылығы емделуінің қиындығында деп білген жөн. Белгілері жасырын жүргендіктен ерлер уақытында дәрігерге бармайды. Мысалы, хламидозды емдемесеңіз, ол қан арқылы буынға барады. Сосын хламидозды артрит тудырады. Оның салдары өте қиын. Трихомониаз да емделуі қиын инфекция", - дейді уролог-андролог Құрманбеков Тұрар.
Олар қай жерде жұғады?
"Жоғарыда айтып өткеніміздей, алдымен жыныстық қатынас кезінде, бұдан бөлек бассейннен, қоғамдық моншадан т.б. жұғады. Ауырған адамның ішкиімінде қандай да бөлініс болып, оны шатастырып киіп кетсеңіз де жұқтырасыз. Мұндай жағдай көп кездеседі. Инфекциялар мынадай температурада өледі деп айтып жатады. Жалпы, инфекцияға температураның қатысы жоқ, өлмейді. Соны есте сақтаған абзал", - дейді дәрігер.
Айта кетейік, бұған дейін уролог Құрманбеков Тұрар ерлерде инфекция бар екенін қалай білуге болатынын айтқан еді.