Астанада «Жоғары технологиялық сәулемен емдеу терапиясының өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр. Конференцияға отандық онколог, радиологтар, медицина қызметкерлері және арнайы шетелден келген сарапшылар қатысты. Олар қазақстандық мамандармен тәжірибе бөлісуде. Сондай-ақ, жиын барысында онкологиялық көмекті арттырудың 2016-2020 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының жобасын таныстырды.
Бұл жиынның негізгі мақсаты – медициналық қызметкерлерді мемлекет қаржысына сатып алынған жоғары технологиялық сәулемен емдеу аппаратымен жұмыс істеуді үйрету, тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру. Бастысы мамандардың кәсіби деңгейін көтеру болып саналады. Себебі білікті дәрігер ғана науқасқа толыққанды түрде көмектесе алады. Айта кетейік, елімізде 4 жоғары технологиялық жылдамдатқыш Астана, Ақтөбе, Семей, Алматы қалаларында орналасқан. Оған қоса, 7 стандарттық құрылымдағы жылдамдатқыштар Астана, Қарағанды, Алматы, Өскемен, Орал қалаларында бар.
Отандық онкология мемлекеттік қолдаудың арқасында қатерлі ісікпен күресудің жаңа деңгейіне көтерілді. Мемлекет сатып алған «TrueBeam» жоғары технологиялық желілік жылдамдатқышы екіөлшемді сәулелі терапияның үшөлшемді конфорьмалдық түріне өтуге мүмкіндік берді. Бұл сәулелі емдеу терапиясында ең үлкен жетістік, өзгеріс ретінде бағаланды. Осы тұста медициналық технологиялар мен жүйені бес саусағындай білетін кәсіби мамандар үлкен маңызға ие. Сондықтан, шетелдік мамандармен тығыз қарым-қатынас орнату басты орынға қойылды. Бүгінгі бас қосуда шетелдік сарапшылар қазақстандық радиологтарға дәріс оқып, арнайы сабақтар өткізді. Сондай-ақ, шетелдік қонақтар жоғары технологиялық аппараттар туралы білімін де ортаға салады. Іс жүзінде желілік аппараттармен қалай жұмыс істеу керегін көрсетеді.
Конференцияға қатысқан ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Құлқаева: «Онкологиялық аурулар жоғары деңгейде тұрғандықтан онкологиялық көмекті арттыру уақыт күттірмейтін мәселеге айналды. Сондықтан да, 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламаны бекітті. Бұған дейінгі «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша басталған іс жалғаса бермек. Бұрын қатерлі ісікті ерте сатысында анықтау мен заманауи құрылғыларды енгізу мәселелері алдыңғы қатарлы орынға қойдық. Енді алдағы уақытта осы істер жалғасын табады. Мамандар біліктілігін арттыруға баса мән бермекпіз. Сонымен қатар, заманауи жылдамдатқыштар санын көбейту де жоспарда бар»,- дейді.
Ал Қазақ онкология және радиология ҒЗИ директоры Қуаныш Нұрғазиев: «Онкология саласында қазір Елбасы да, Үкімет те көп көңіл бөліп жатыр. 2012 жылдан бері жаңа технологияларды енгізіп, медициналық көмекті көтеру үшін көп жұмыстар жасалды. Бағдарлама аясында былтыр желтоқсанда 4 сәулемен емдеу желілік жылдамдатқышы орнатылды. Ал бүгінгі конференция мамандарымыздың біліктілігін арттыруға келді. Шетелден 5 дәріскер келді. Оларға арнайы үйрету сабақтары жоспарланған», - деп өз ойын бөлісті.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2015 жылдың 1-қаңтарындағы есеп бойынша 150 436 қазақстандық онкоаурулар бойынша есепте тұр. 2013 жылы бұл көрсеткіш 146 404 болған еді. Қатерлі дертке шалдыққандар санының көбеюі обырды алғашқы сатысында анықтау мүмкіндігінің артуымен тікелей байланысты. Жыл сайын қатерлі ісіктен 17 000 мың адам көз жұмады. Өлім-жітім бойынша онкологиялық аурулар екінші орында тұр. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев отандық онкологияның дамуына көп көңіл бөліп келеді. 2011-2015 жылдарға арналған ҚР денсаулық сақтау саласын арттырудың «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша диагностиканың жоғары технологиялық әдістері мен ғылыми негізде емдеу жүйесі жүзеге асырылып, тұрғындардың қолжетімділігі артты.