Коронавирус пандемиясының басталғанына 1 жылдан асса да әлі күнге дейін жақсы нәтиже беретін вакцина шықпады. Ресейдің "Спутник V" вакцинасы сынақтан толық өтпегеніне байланысты әлем елдері қолданудан бас тартып отыр. Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында отандық вакцинаны салдыратынын айтты.
"Отандық вакцинаның тестілеуі оң нәтиже көрсетеді деген үміттеміз. Мұндай жағдайда мен қазақстандық вакцинаны салдырамын", – деді президент. Мемлекет басшысы үкіметке әкімдермен бірлесе толыққанды дайындалып, 1 ақпаннан бастап жаппай вакциналауға кірісуді тапсырды.
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шорановтың айтуынша, "Спутник V" вакцинасы ақпанда 90 мың доза, наурызда 150 мың дозасы нарыққа шығады. Ал тұрғындар сәуірден бастап вакцина ала алады. Министрлік өкілі қазақстандық QazCovid-in вакцинасы да егілетінін айтып отыр. Клиникалық сынақтың үшінші кезеңінде сыналып жатқан қазақстандық QazCovid-in вакцинасы 19 желтоқсаннан бастап 3 мың еріктіге салына бастаған.
Отандық QazCovid-in вакцинасын әзірлеу барысында жылдар бойы жақсы нәтиже беріп келген технология қолданылған. Вакцинаның барлық құрамдас бөлігі басқа да вакциналарды әзірлеу кезінде пайдаланылған сенімді компоненттен тұрады.
Биологиялық қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғалымы Леспек Кұтымбетовтің сөзін Білім және Ғылым министрлігінің баспасөз қызметі былай жарилады: "Инактивті вакцинаны дайындау технологиясы қарапайым. Ол басқа вакциналарға қарағанда қауіпсіз әрі тиімді әсер етеді. Вакцинаны егу нәтижесінде мықты иммунитет қалыптасады. Оны ауырғаннан кейін сауыққан адамның иммунитетімен салыстыруға болады. Инактивті вакцинаны дайындау үшін пайдаланылған компоненттердің басым бөлігі ондаған жылдар бойы ғылыми тұрғыда пайдаланылып келеді. Олардың зияны болмаған. Сондықтан біз QazCovid-in әзірлеу үшін вакцинаның инактивті түрін таңдадық".
Инактивті вакцинаның платформасы қауіпсіз дейді ғалымдар. Вакцина құрамындағы компонентті халықтың көпшілігі басқа екпелер арқылы қабылдаған. Ал QazCovid-in вакцинаны әзірлеу барысында пайдаланылған жалғыз жаңа компонент – белсенді емес вирус.
Отандық QazCovid-in вакцинасы бірінші кезеңде шамамен 2 миллион дана көлемінде күтілуде. COVID-19 қарсы белсенділігі жойылған отандық QazCovid-in вакцинасының әзірлеушілері ҚР БҒМ "Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты".
Вакцинада белсенділігі жойылған вирус және зиянсыз адъювант негізге алынған, бұл технология уақытпен тексерілген және А гепатитіне, менингококк инфекциясына, тұмауға, іш сүзегіне, кене энцефалитіне және т. б. инфекцияларға қарсы бұрыннан қолданылған вакциналарды өндіруде пайдаланылады.
QazCovid-in вакцинасын COVID-19-ға қарсы клиникалық зерттеудің I және II фазаларының нәтижелері бойынша жақсы төзімділік пен қауіпсіздік байқалды. Бірлі-жарым жағдайларда вакцина енгізілген жерде қызару, аздап ашыту, шаншу байқалды, бұл организмнің иммундық жүйесінің енгізілген вакцинаға реакциясы болып табылады. Бұл белгілер зерттеу хаттамасында күтілетін құбылыс ретінде қарастырылған.
Отандық вакцинаны әзірлеген ғалымдар, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Ерлан Карин, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев және Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Талғат Нұрғожин ерікті түрде салдырған еді.