- Негізгі бет
- Денсаулық
- Остеопатия мен мануалды...
Остеопатия мен мануалды терапияның айырмашылығы неде?
Мануалды терапевт пен остеопат — соңғы жылдары сұранысқа ие мамандар. Сүйек-буындары немесе басы жиі ауыратын адамдар бір-біріне остеопатия немесе мануалды терапияға барғанын айтып, сол жақтан алған әсерімен бөлісіп, өз дәрігерін ұсынып жатады. Алайда басқаға көмектескен әдістің сізге де келуіне кепіл жоқ. Сондықтан мануалды терапевтке немесе остеопатқа бармас үшін олардың айырмашылығын білген жөн.
Остеопат емші емес, ол — жоғары медициналық білімі бар маман. Оның сезімтал қолдары дененің кез келген реакциясын сезеді. Ағзаның тұтастық жүйесі бұзылғандықтан патологиялық өзгерістер пайда болады. Остеопаттың мақсаты — адамның ішкі күштерін өзін-өзі емдеуіне бағыттау.
Остеопат дәрігер мына ауру белгілерінен құтылуға көмектеседі:
- Ұйқы бұзылуы және үнемі шаршап жүру;
- Түрлі бас аурулары (оның ішіне, бас сүйек-ми зақымынан кейігі бастың ауыруы да кіреді);
- Метеотәуелділік;
- Буындардың созылмалы ауруы;
- Спорттық зақымдар салдары;
- Гинекологиялық аурулар;
- Есту мен иіс сезудің нашарлауы;
- Жиі тұмаумен және тыныс алу ауруларымен ауыру;
- Жыныстық функциялардың бұзылуы;
- Отадан кейінгі салдарлар;
- Артериялық қысымның бұзылуы;
- Жүктілік кезіндегі жағымсыз белгілер (жатырдың жоғары тонусы, арқаның ауыруы, ісіну, көңіл күй өзгерісі);
- Остеохондроз, омыртқааралық дисктердің протрузиясы, омыртқа жарығы кезіндегі арқа ауыруы;
- Желке тұсының және аяқ-қолдардың ауыруы;
Мануалды терапевт — травматология немесе неврология мамандығы бойынша жоғары медициналық білім алған және мануалды терапия бойынша қосымша білім алған дәрігер. Ол ауырып тұрған жерді механикалық тәсілдер арқылы емдейді.
Мануалды терапия мына жағдайларда көмекке келеді:
- Буындардың шығуы;
- Бұлшықеттерді созып алу;
- Арқа мен мойын ауыруы;
- Буындар ауыруы (артрит, артроз);
- Сынудан соң қалыпқа келу;
- Омыртқааралық дисктердің қысылуы;
- Бастың ауыруы;
- Арқа, мойын, аяқ-қол және иық белдеу қозғалысының шектелуі.
Мануалды терапия мен остеопатияның ұқсастықтары бар:
1. Екеуі де қолмен диагностика жасайды және емдейді.
2. Міндетті түрде маманның жоғары медициналық білімі болуы керек.
3. Процедура кезінде омыртқа мен буындар әсерге ұшырайды.
4. Әр емделушіге жеке тәсіл қолданады.
5. Буындар қозғалысын, иілгіштігін және тонусын қалыпқа келтіреді.
6. Дене мүсінін түзейді.
7. Бұлшықеттердің босаңсуына ықпал етеді.
8. Екі процедура да емдік және алдын алу мақсатында қолданылады.
Остеопатия мен мануалды терапия әдістерінің айырмашылығы — мамандардың адам ағзасын әртүрлі қабылдауында. Остеопаттар емделушіні тұтастай қарайды, оның жалпы жағдайына мән береді. Олар ішкі органдар қызметтерін де қалпына келтіре алады. Ал мануалды терапевттер омыртқаға негізделеді.
Сондай-ақ тағы бірнеше айырмашылық бар:
1. Остеопаттар емделушіні қарап болған соң оған анализдер тапсыруды және кей қосымша диагностикалық процедуралардан өтуін сұрайды. Ал мануалды терапевттер емделушіні бірден МРТ, рентген, несеп пен қан анализі нәтижесімен қабылдайды.
2. Мануалды терапевт омыртқаны түзету кезінде қысылып қалған жүйке талшықтарын босатады және жүйке импульстерінің таралуын қалыпқа келтіреді. Ал остеопат ағзаның ішкі күштерін іске қосуға арналған түрлі терапиялық тәсілдерді біледі.
3. Остеопатия аурудың себебін табады. Ал мануалды терапия қандай да бір ауру салдарын, белгілерін жеңілдетеді.
4. Остеопатия жұлын сұйықтығын, лимфа қозғалысын, қанайналымды қалыпқа келтіру үшін жұмсақ әсер ету арқылы орындалады. Мануалды терапия созу, шыққанын салу және күшпен басу арқылы жасалады. Барлық әрекеттер буындарға, омыртқаға, сүйектерге бағытталады.
5. Мануалды терапия сеанстары ұзаққа созылмайды, себебі омыртқаға әсер етеді. Остеопат емделушімен ұзақ жұмыс істейді. Барлық процедуралар бойы ағзаға көлемді әсер етеді.
А. Жапатова