BBC-дің ресейлік бөлімі адамдардың қанша жыл өмір сүретінін есептеп беретін "калькулятор" шығарды.
Шамамен қанша жыл ғұмыр кешетініңізді білу үшін жасыңызды, мемлекетіңіз бен жынысыңызды енгізсеңіз жеткілікті. Тест сол арқылы сіздің елдегі, сіздің жасыңыздағы адамдардың өмір сүру ұзақтығына қатысты деректер көрсетеді.
Кәмелеттік жасқа толған қазақстандық азаматты тестілеп көрейік.
Орташа есеппен 18 жасар қазақстандық 76 жыл (әйелдер 80 жыл, ерлер 71 жыл) өмір сүреді.
1990 жылмен салыстырғанда, қазіргі орташа жас 2 жылға артық. Өсім бар. Сондай-ақ 18 жасар адам өмірінің 85%-ында дені сау болады екен.
Ал мына инфографикадан қазақстандықтардың Азиядағы елдермен салыстырғандағы деңгейін көруге болады. Ең жоғарыда тұрған жапондар екен. Олардың орташа жасы – 87 жыл.
Қазақстан өмір ұзақтығы бойынша 198 елдің ішінде 129-орында екен, Азия елдері ішінде 36-орында. Ал бүкіл әлем халқының орташа өмір ұзақтығы – 79 жас. Бір қызығы, тесттен тек 116 жасқа дейін енгізуге болады, себебі деректер Global Health Data Exchange қорынан алынған. Тест сілтемесі.