Әдетте өмірімізді өзгерткіміз келген кезде жаңа жылдан бастаймын деп айтып жатамыз. Бірақ осы ойымыз қаншалықты дұрыс? Өмірімізге ерекше өзгерісті жаңа жылды күтпей дәл осы сәттен бастауымызға болатын сияқты. Бізге ол өзгерісті бойыңызды тік ұстаудан бастаңыз деп айтқымыз келеді. Және мотивация ретінде оны өзгертудегі 8 себепті ұсынамыз.
1. Өзіне сенімді тұлға бойын тік ұстайды. Мінсіз келбет адам баласының бойына сенімділікті дарытады. Тік тұруға тырысып, терең демалыңыз. Өзіңізді жақсы сезіндіңіз бе? Сенімдірек пе? Айналаңыздағы адамдарды бақылаңыз. Тамақ ішіп отырған кезде қаншасы бүкірейеді. Ал осы көрініс қаншалықты жағымды?
2. Тыныс алу тереңдей бастайды. Бүкірейіп тұрып терең демалуға тырысып көріңізші. Тыныс алуыңыз қиындады емес пе? Бұл – бұлшық еттеріміз жиырылған кезде тыныс алуымыздың қиындай түсетіндігін дәлелдейтін мысал.
3. Ішкі ағзалардың барлығының жұмысы жақсара түседі. Мінсіз мүсін өкпегі оттегіні дұрыс тасымалдайды. Артынша бүкіл ағза оттегімен толық қамтамасыз етіледі.
4. Мүсініңіз жинақы көрінеді. Бойын тік ұстайтын адам жас әрі жинақы көрінеді. Ал киген киім қонымды тұрады.
5. Дауыс әдемі әрі ұяң шығады. Бойды тік ұстаған кезде диафрагма да дұрысталады. Нәтижесінде айтылған сөз әуезді естіледі.
6. Буын мен бұлшық етке көмектеседі. Бойды тік ұстау арқылы бұлшық ет пен буынға түсетін салмақты азайтуға болады. Бұл болашақта артрит секілді ауруларға шалдықпауға көмектеседі.
7. Ойлау мен көңіл-күйді жақсартады. Бір қызығы адамның көңіл-күйі мен ойлау қабілеті бойын тік ұстауымен тығыз байланысты екен.
8. Омыртқаның саулығы. Омыртқаның саулығына күні бойы жүретін немесе көп отыратын адамдар назар аударғаны жөн. Саулығын қамтамасыз етпеген жағдайда арқаның бұлшық етіне қысым түсіп, артынша түрлі аурулардың пайда болуына жол ашады.
Бастапқыда тік жүру қиынға соққанымен, артынша әдетке айналады. Егер кезекті материалымызды оқып отырған кезде бүкірейген болсаңыз, іске сәт дейміз!
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: joins.com