Қазіргі таңда көп жандар компьютерден бас алмай, бір қалыпта отырып жұмыс істеуге дағдыланған. Есесіне физикалық жаттығуларды жасау мен уақытылы үзіліске шығуды ұмытқан. Мұның салдарынан адам баласының физиологиялық құрылысы зардап шегеді. Әсіресе, бар салмақ омыртқаға түседі.
Омыртқа үнемі қозғалыс пен жаттығуларды қажет етеді. Еш қозғалыссыз бір қалыпта отырудың салдарынан омыртқа сүйектеріне зақым келіп, ол өзге де мүшелердің зардап шегуіне жол ашады. Сондықтан да омыртқаның обалына қалмай, ара-тұра үзілістер жасаған жөн.
Алдымен омыртқаңыздың түзу я қисық екенін анықтап алыңыз. Ол үшін тұла бойыңызды түгел көрсететін үлкен айнаға қараңыз. Қолыңызды түсіріп, басыңызды көтеріп, денеңізді тік ұстап, түзу тұрыңыз. Иықтарыңыз бір қалыпта болса, омыртқаңыздың түзу болғаны. Егер де бір иығыңыз екіншісінен жоғары/төмен болса, ол омыртқа сүйектерінің қисайғанын білдіреді. Сондай-ақ, омыртқаның қисық я түзу екенін айнаға қырынан тұрып қарау арқылы анықтауға болады.
Ұзақ уақыт бір қалыпта отыра бергеннен кейін сүйектер қозғалмай, ағзадағы қан айналым дұрыс жүрмейді. Сол себептен адам орнынан тұрған кезде бойын дұрыс түземей, арқасын тік ұстамайды. Есесіне бар салмақ омыртқаға түседі. Қыз бала биік өкшелі аяқ киім киіп, арқасын тік ұстамаған жағдайда, бар салмақ омыртқамен қатар, жамбас сүйектеріне түседі. Мұның салдарынан сүйектер қисайып, бүкірлік, екінші иек пайда болады. Қисық омыртқа семіздікке де апарады екен.
Қисық омыртқа салдарынан бас пен иықтар төменге түсіп, мойын етіне күш түседі. Ағзада қан айналым процесі дұрыс жүрмей, өзге дене мүшелері ауыра бастайды. Сондықтан да, әрдайым түзу жүруге тырысыңыз.
«Түзу жүру сымбатты көрінуге жол ашады» дейді сәнқой жандар. Алайда, сымбатпен қатар түзу омыртқа бізге сенімділік, табандылық береді. Омыртқасы түзу жанның тыныс алу, ас қорыту, жүйке жүйесі мүшелері жақсы жұмыс істейді. Буын, жүйке жүйесі, бұлшықет аурулары қисық омыртқаның серіктері екенін естен шығармаңыз.
Омыртқаның қисаюына, сондай-ақ, ауыр сөмке көтеру, орындықта дұрыс отырмау, биік өкшелі аяқ киімдерді дұрыс кимеу, жастықты дұрыс жастамау ықпал етеді.
Омыртқа түзу болу үшін:
Орныңызда тұрған кезде бойыңызды дұрыс түзеп, арқаңызды тік ұстаңыз; Физикалық жаттығуларды жасауды ұмытпаңыз; Ыңғайсыз аяқ-киім кимеген дұрыс. Биік өкшелі аяқ-киімдерді де дұрыстап таңдаңыз. Жүрген кезде қиналсаңыз, келесіде оны кимеген жөн; Бос уақытыңызда жүзу, секіру, аэробикамен шұғылданыңыз; Ауыр зат көтермеуге тырысыңыз.Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер: medsecrets.ru, onbeauty.ru