- Негізгі бет
- Денсаулық
- Өміріңізді ұзартатын 5...
Өміріңізді ұзартатын 5 минут
Бес минутта өмір жасыңызды ұзарта алатын не нәрсе болды екен? Maximonline.ru сайты бұл сұрағыңызға былай деп жауап береді:
Кейбір спортшылар қарапайым халыққа берген кеңестерінің ішінде лифтпен емес, кәдуілгі сатымен көтеріліңіз деп көп айтады. Бұл арқылы сіз құдайдың құтты күні аяқ бұлшықеттеріңіз бен жүрек қан тамырларын кеңейте аласыз, дейді. Бұл, әрине, асыра сілтеушілік. Мойындайықшы, біз керемет денсаулық пен сымбаттылыққа мүмкіндігінше тез қол жеткізгіміз келеді ғой? Ал сатымен көтерілу қызықсыз әрі ұзақ уақыт бойы жасалатын жаттығу. Оның үстіне асығып та бара жатамыз. Бірақ, шындығына келер бослақ, сіздің жасаған әрбір жаттығуыңыз әр күннің бір мезгілінде, қажетті мөлшерінде болса, оның пайдасы жоқ емес.
Компьютер алдында көп отыратын болсаңыз, мойныңызды әрлі-берлі бұрғанда қытырлап, бейуақытта ауырып шыға келетінін байқайтын шығарсыз? Ал сол жағымсыз әсерлердің ерте бастан алдын алғыңыз келсе, әр таңда қаламды аузыңызға салып, ауаға өз аты-жөніңізді немесе әліпбидегі әріптерді теріп "жазып шығыңыз". Айтпақшы, бізде, қазақ тілінде басқа тілдерге қарағанда әріп саны көбірек, сондықтан да жаттығу сіз үшін пайдалырақ болады. Ал қытайлықтардың 10 000 иероглифпен алысып әбден терлейтіні анық.
Теңіз тұзының да пайдасы жоқ емес. Сондықтан қол боста оны сатып алып қойыңыз да, жылы сумен әр таңда тамақты шайып жүріңіз. Бұдан тісіңізге де, миндалиндеріңізге де, ауыз қуысының сілекей бездеріне де экстаз сыйлайсыз.
Тыныс алу жаттығулары тек көп мөлшерде оттегі алумен өлшенбейді. Тіпті керісінше. Тыныс алу жаттығулары кезінде тыныс алмауға тырысып көріңіз. Кардиохирург, академик Амосов деген ғалым 90 жыл өмір сүрген. Оның тыныс алу жаттығулары туралы былай дегені бар: «Қандай да бір жасуша бірінші кезекте қысым мен шектеулерді талап етеді». Оның айтқысы келгені де осы, ауаны өкпеге жинап, қайта шығарған соң демалмай 3 минут бойы шыдап көріңіз. Егер тыныс алу жаттығуларын күнделікті жасап жүрсеңіз, 3 минуттық сынақ сіз үшін оңай болады. Есіңізде болсын: Джанлуко Дженони есімді дайвер тыныс алмай 18 минут 3 секунд шыдап, рекорд жаңартқан болатын.
Ұйықтар алдында аяғыңызды суық сумен жуыңыз. Бұл жаттығуды 1 минут қана жасаңыз, кейін бір демде аяғыңызды сүртіп, кептіріңіз. Бірінші пайдасы, бұдан сіз жылдам ұйқыға кетесіз. Екіншіден, аяқ қан тамырларының жұмысына әжептәуір дем бересіз. Тіпті, кейбір мамандар бұл жаттығуды кейбір спорт түрінен келетін пайдамен салыстыруға да болады дейді.
Келесі жаттығуда екі иығыңызды қабырғаға тигізіп тұрып басыңызға кітап қойып жүріп көріңіз. Бұл іс оңайға соқса, 10 реттен отырып-тұрыңыз. Қарапайым ғана әдіс сіздің денеңіздің, жүрісіңіздің түзу болуына ықпал етеді.
Тек ауызбен тамақтануға болады деп ойласаңыз қателесесіз. Себебі кейде сіздің теріңіз де ағзаға қажетті затқа ашқарақ келеді. Егер душ қабылдар алдында, 3-4 минут бұрын денеңізге бал жақсаңыз, теріңіз сол сәтте-ақ қырыққа таяу дәруменді өзіне қабылдап алады. Мұндай дәрумендер мен басқа да пайдалы микроэлементтер әдеткі жағдайда теріге жете бермейді.
Көзді демалдыру үшін жасалатын ең керемет жаттығу – ештеңені де көрмеу. Бірақ біздің қабақ теріміз жұқа болғандықтан, көз тыныштығын ала алмаймыз. Оның үстіне қап-қара түнекте де біздің көзімізге ми тыныштық бермейді: кейбір нүктелер, дөңгелектер, сызықтар, тағы да сол сияқты қиялға келген заттар көз алдымызда болады. Десе де, бұдан құтылар жол бар. Әуелі көзіңізді жұмыңыз. Екі алақаныңызды қабағыңызға тимейтіндей аралықта ұстап тұрыңыз. Көз алдыңыздағы небір фигуралар ойнақтап болған соң қою қараңғылықты байқаңыз. Қап-қара түнек. Осылай жаттығу жасап отырғаныңызға екі минут болғанда ештеңе де түсінбегеніңізді білесіз. Бірақ бұл әдіс арқылы көзіңіздің монитордан сәл де болса демалғанына көз жеткізесіз.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: maximonline.ru
А. Құлтай