Оңтүстік Каролина университетінің профессоры Стивен Блэрдің жетекшілігімен 32 жыл бойы 20-дан 90 жас аралығына дейінгі 40 000-ға жуық адамға зерттеу жүргізілді. Нақтырақ айтсақ, бақылауға профилактикалық медицина орталығы болып табылатын Купер клиникасының пациенттері қатыстырылды (Даллас, АҚШ). Ғалымдар белгілі бір спортпен әуесқойлық деңгейде айналысатын жандарды және сол аталмыш спорт түрлеріне қатысты өлім деңгейін зерттеді. Бақылау кезінде жаяу жүрушілер, жүзгіштер және тұрақты жүгіретіндер қадағаланды, сондай-ақ спортпен шұғылданбайтын адамдар назардан тыс қалған жоқ.
Осылардың ішінде жүзу спортын серік еткен адамдар өлімнің ең төменгі деңгейін көрсетті. Осы топтағы өлім-жітім барлық басқа топтарға қарағанда 50% -ға кем болды. Блэрдің сөзіне қарағанда, анықталған факт бойынша жүзумен айналысатындардың кардиореспираторлық жүйесі фитнесінің жоғары деңгейімен айналысқанға пара-пар екен. Басқа спорт түрлеріне қарағанда жүзудің артықшылығы түрлі жолдармен де, зерттеулермен де дәлелденді.
Жүзумен шұғылданатындардың қан плазмасындағы жалпы холестериннің, триглицеридтердің, глюкозаның деңгейі төмен болып келеді де, ал «жақсы» холестериннің (жоғары тығыздықтағы липопротеидтердің) деңгейі аз қозғалатындармен салыстырғанда жоғары деңгейде болады екен. Тиісінше жүзу жүрек-қан тамырлары ауруларының, соның ішінде миокард инфарктісінің қаупін азайтады екен. Сондай-ақ, жүзумен айналысатындарда жалпы холестериннің, қандағы триглицеридтердің, әдеттегі жүрек соғу жылдамдығы, жаяу жүргенге қарағанда төмен болатын көрінеді.
Ғалымдар жүзудің созылмалы аурулары бар адамдарға да ұсынылатынын ерекше атап өтуде. Жүзу басқа спорт түрлерімен шұғылдануға немесе жүгірумен айналысуға мүмкіндігі жоқ адамдар үшін тамаша балама болуы мүмкін. Көптеген жылдар бойы жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, физикалық белсенділіктің төмендеуі мезгілсіз өлім қаупін арттырады, ал кез-келген тұрақты дене белсенділігі сапалы өмір сүру мерзімін ұзартатынын естен шығармаған абзал.
Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры