Сұлулық десе, жанын құрбан қылуға дайын аруларға 12 сантиметрлік өкше түк емес. Қыздар тіпті өкшедегі аяқ киімді сұлулығының кепілі санап, оларды шешкісі келмейді. Алайда оның денсаулыққа тигізер зардабын біліп жүргендеріңіз жөн.
Жаратылысымыз бойынша, денеміздің салмағы табанымызға біркелкі түседі. Сондықтан, биік өкше кигенде, сіз бар салмақты башпайыңызға түсіресіз. Кішігірім өкше башпайға түсетін күшті 22%-ға арттырса, 7 сантиметрлік өкше башпайға екі есе салмақ түсіреді екен.
Алайда өкше кигенде, аяқтары ауырмай, өзін жақсы сезінетін қыздар болады. Мұны олардың табандарының анатомиялық құрылымымен түсіндірсе болады. Қалай болғанда да, дәрігерлер 8 сантиметрлік өкшені аптасына екі-үш рет киюге ғана рұқсат береді. Ал күнделікті өкшемен тарсылдап жүретін қыздар мынандай қиындықтарды кездестіре алады.
Башпай терісінің қатаюы. Өкше кигенде бар салмақ башпайға түсетіндіктен, бұл жерде қан айналымы бұзылып, тері қорғаныс ретінде қатайып кетеді. Үлкен саусақтың деформациялануы. Башпайға түскен күш табанның осы жерінің кеңеюіне әкеледі, үлкен саусақ кеңейіп, қасында сүйекше пайда болады. Башпай саусақтарының деформациялануы. Өкше шешпейтін қыздардың саусақтары аяқ киімнің ұшында қысылып тұрады. Осыған байланысты башпай саусақтары пішінін өзгертуі мүмкін. Саусақ ұштарының ұйып қалуы және жіліншек бұлшық еттерінің қақсауы. Белдің ауыруы. Биік өкшемен жүрген қыздың салмақ ортасы алдыға қарай ауытқиды. Сондықтан денені тура ұстап қалу үшін беліміз қосымша жұмыс атқарады. Осының әсерінен арқамыз ауырып, беліміз шаршайды. Ахилесс сіңірінің зақымдануы. Биік өкшеден түспейтін табанның ахилесс сіңірі еш жұмыс атқармай, созылғыштығын жоғалтады. Сондықтан биік өкшелі туфлиді шешіп, табаныңызбен жер басқанда, аяғыңыздың ауырғанын байқайсыз. Бұл осы ахилесс сіңірінің зақымдана бастауының белгісі. Өкше киіп үйренген қыздардың балеткалар кигенде аяғының ауыратындығы осыған байланысты.Әрине өкшедегі аяқ киім өте сәнді, тартымды көрінеді. Алайда оны күнделікті кимей, денсаулығыңыз жайлы да ойлағаныңыз жөн.
Сурет: vk.com