Нейробика – адамның миына арналған кешенді жаттығу жинағы. Бір сөзбен айтқанда, Нейробика – мидың ұтымды жұмыс істеуіне қолдау білдіретін аэробика.
Нейробика мидың ауыртпалығын жеңіп, оның қосымша энергияға кенелуіне көмектеседі. Сөздің шығу тегіне қарайтын болсақ, «нейрон» + «аэробика», яғни, «нейрондарға арналған жаттығу» мағынасын береді. Лоуренс есімді америкалық нейробиолог аталған терминді ғылыми айналымға енгізген. Ал «нейрон» деп мидағы жасушаларды айтамыз. Адамның бұлшықеттеріне үлкен физикалық қуатты жеткізетін жаттығулар қажет болса, миға қарапайым қимылдың өзі жеткілікті болады.
Нейробика кімге қажет?
Ғалымдардың зерттеу бойынша, нейробика барлық жастағы адамдарға пайдалы болады екен. Нейробиканың жаттығулары балалардың ойын жинақтай алуына көмектеседі. Ал орта жас пен қарт кісілердің есте сақтау қабілетінің берік болуына ықпал етеді.
Нейробиканың басты ерекшелігі онымен айналысуға арнайы орынның қажеті жоқ. Кез келген уақытта, кез келген жерде миыңызды тынықтырып алуыңызға болады.
Нейробиканың ғалымдар ұсынған бірнеше әдісі:
1. Үйіңізден жұмысқа баратын траекторияңызды өзгертіңіз. Жаңа бағытты басып өту үшін біршама көп уақыт жұмсалатын болса да, оны өзгертуге тырыспаңыз. Себебі күнделікті өтетін торабыңыз сізге қайталану үдерісін алып келуі мүмкін. Ал уақтылы басқа бағытқа көшіп отырсаңыз, сіздің жол жаттау мүмкіндігіңіз артады.
2. Егер сіз оңқай болсаңыз, уақтылы негізгі жұмыстарды сол қолмен орындауға тырысыңыз. Мысалы, тісіңізді тазалағанда, тамақтанғанда немесе жазу жазған кезде сол қолға барыңызды салыңыз. Ал егер солақай болсаңыз, керісінше орындаңыз. Маңыздысы әдеткі болмаған жағдайды қалыптастыру. Сол кезде ғана адамның миы бірсызықты өмірден арыла бастайды.
3. Мидың нейрондарын таңнан бастап ояту үшін, әдеттегі кофенің дәмінен басқа жұпарға жақындаңыз.
4. Сіз тіпті күнделікті қайталанатын жұмыспен айналысатын болсаңыз да, миға жақын көздің жандарын сипау арқылы, сергіп алуға болады. Тек жаттығуды күніне төрт рет жасап тұру қажет.
5. Қоғаммен белсенді араласыңыз. Жаңа адамдармен танысып, шетелге саяхаттауды жиі ұйымдастырыңыз. Ең болмағанда өзіңіз тұратын мекеннің ортасын жақыннан тануға тырысыңыз.
6. Өзіңіз ұнатқан жанрдағы туындыларды ғана емес, мүлде танымайтын авторлардың кітаптарын оқыңыз. Әр түрлі журналдың бетін парақтау да сізге пайдалы.
7. Достарыңызбен ортақ әңгіме құрған кезде, барынша ерекше жауап немесе пікір білдіруге тырысыңыз. Өзіңізде бар әдеттен арылыңыз.
8. Егер аспаздықты ұнатсаңыз, экзотикалық астың мәзірін жасаңыз. Оған өзіңіздің фантазияңызды да қосып, әлемде жоқ тағамды дайындаңыз.
9. Өзіңізге қызық болған әзілдерді жатқа біліп алыңыз. Оларды жиі-жиі достарыңызға айтып, көңілдерін көтеріңіз. Тіпті өз ойыңыздан әзіл шығаруыңызға да болады. Бұл пайымдау мүмкіндігін арттырады.
10. Теледидарды дыбыссыз көріңіз. Сосын оның не туралы сөйлеп жатқанын табуға тырысып бағыңыз.
11. Үйіңіздегі жиһаздардың орнын жиі ауыстырып тұрыңыз. Әр жеті немесе он күнде бір нәрсенің өзгеріп тұрғаны сананың жан-жақты ойлауына түрткі болады. Тіпті компьютеріңіздің басты бетіндегі суреттің ауысып тұруы миға оң әсерін береді.
12. Киім кию үлгіңізді өзгертіңіз. Олай еткіңіз келмесе, ең болмағанда, ұнататын киіміңіздің түсін өзгертіңіз. Сырт көрініс адамның басқа стильге деген көзқарасын өзгертеді.
Сурет: www.popweightloss.com
Оқи отырыңыз:
Мұрынды бөкебаймен орап жүру – суық тиюден қорғайды
Не себепті "р" дыбысына тіліміз келмейді?
Мобильді құрылғылар ұйқы тәртібін бұзады
Таңертең ерте тұруға қиналатындар үшін 8 кеңес
Дұрыс тамақтана білесіз бе?