- Негізгі бет
- Денсаулық
- Несептің қысылып шығуы...
Несептің қысылып шығуы неден болады – уролог жауабы
Жігіттер көбіне кіші дәретке жиі барудан немесе оның қысылып қалуынан шағымданып жатады. Оның себебі бір емес бірнеше аурудың белгісі болуы мүмкін. Massaget.kz порталының тілшісіне уролог-андролог Құрманбеков Тұрар несептің қысылып шығуы қандай аурулардың белгісі екенін айтып берді.
Уролог-андролог Құрманбеков Тұрар
Урологтың айтуынша, бұған бірінші себеп – созылмалы простатит. Жалпы, простата безі қуық астында орналасқан. Егер қабыну болса, без міндетті түрде ісінеді. Сосын ол зәр жүретін каналды қысып қалады.
"Сондықтан простатитпен ауыратын жігіттер кіші дәретке жиі шығады немесе қиналып барады. Болмаса қуық толық босамай, дәрет қалып қоя береді. Сосын қуық тез толады, адам қайтадан кіші дәретке бара береді", - дейді маман.
Құрманбеков Тұрар оның басқа да себептері бар екенін айтады.
"Несептің қысылып шығуының тағы бір себебі, қазір біз отырықшы өмір салтына ауыстық. Кіші жамбас астауында қан айналымы азайып кетеді. Сол себептен, кіші жамбас бұлшық еттері әлсізденіп қалады. Қуықты босату үшін кіші жамбас астау бұлшық етінің қысымы болуы керек және дәретті итеру қызметі жақсы жұмыс істеуі керек, - дейді дәрігер.
Маманның айтуынша, бұдан бөлек жігіттердің жарақат алуы тағы басқалар себеп болуы мүмкін екен.
"Жарақат кезінде уретра яғни зәр шығару каналы зақымданатын болса ол тыртықтанып бітеді. Сосын уретра стриктурасы, яғни зәр жүретін канал жабысып қалады. Бұл бірнеше отаны талап ететін қиын жағдай. Тағы бір жағдай инфекциядан кейін туатын гонореялық стриктура болады. Мысалы, ер адам қорғанбай жыныстық қатынастан гонорея жұқтырып уақытылы емделмесе, зәр жүретін канал жабысып қалады. Ал үлкен адамдарда аденомадан болады. "Аденома" дегеніміз – қуық асты безінің үлкейіп кетуі", - дейді уролог.
Айта кетейік, бұған дейін уролог Құрманбеков Тұрар ерлерде инфекция бар екенін қалай білуге болатынын айтқан еді.
Т. Раушанұлы