Күзде және қыста адамдардың иммунитеті әлсіреп, жиі тұмауратады және созылмалы аурулары қайта басталады. Күз — тұмаудың мерзімі екенін көпшілігіміз білеміз, ал тісжегінің де мерзімдік болатынын естідіңіз бе?
Қыста көбінің тістері температуралық тітіркендіргіштерге әсер ете бастайды: аязды ауаны ішке жұту және ыстық сусын ішу, кейде тәтті немесе қышқыл тамақ жеу. Бұл қалыпты жағдай емес, ол — эмаль мен қызыл иектің қорғаныш функциясында бір ақау бар екенін білдіретін белгі.
Тісжегінің қыста және күзде асқынуының бірнеше себебі бар:
Біріншіден, ағза күйзеліске ұшырайды. Дәрумендер мен күн сәулесі азаяды. Ересектер уақытын далада емес, ауасы құрғақ ғимарат ішінде өткізсе, балалар балабақша мен мектепте отырады. Шырышты қабықтар құрғап кетеді. Сілекей ауыз қуысын дұрыс шая алмайды, сондықтан ауру тудырушы бактериялар жылдам көбейеді.
Екіншіден, тамақтанудағы тепе-теңдік бұзылады. Қыста ол біркелкі болып кетеді. Адамдарды «жылдам» көмірсулары көп тағамдарға тартады: тәтті тоқаш, бутерброд, тәттілер, газдалған және тәтті сусындар. Ол — тісжегінің пайда болуына ықпал ететін бактерияларға арналған жақсы орта.
Үшіншіден, иммунитет әлсірейді. Бала бір мерзімде бірнеше рет тұмаумен ауыруы мүмкін, сондықтан ағза үлкен күшпен жұмыс істейді. Ауыз қуысында аздап тісжегі бұрыннан болған болса, иммунитеттің оны басуға күші жетпей қалады.
Тісжегінің ең нашар қасиеті — ол ұлғайып кеткенше, ауыртпай жүре береді. Эмальдағы қара дақтарға уақытында мән бермесе, тісжегі асқынып кетеді: тіс ұлпасының қабынуы, яғни, пульпитке әкеледі.
Емделмеген пульпит те асқынады. Тісжегі көп жағдайда осы пульпитке немесе оның да асқынған түрі — периодонтитке айналғанда ғана шыдатпай ауырады. Түнде, дәрігерлердің айтуынша, әсіресе шамамен сағат 4-те қақсап ауыртады.
Балаларда бұл бүлдіргіш процестер ересектерге қарағанда өте жылдам өтеді: олардың сүтті тістерінің құрылымы ерекше. Мысалы, ересек адамда тісжегі жылдар бойы тұрса, ал балаларда ол бірнеше айдың ішінде бастапқы стадиядан асқынған түріне айналып кетеді.
Тіс ауруын қалай жеңілдетуге болады?
Тісіңіз сәл ауырса немесе ауыз қуысынан қандай да бір жағымсыздық сезсеңіз, бірден тіс дәрігеріне қаралыңыз. Қабыну ошағын қаншалықты ерте алса, ем соншалықты жеңіл өтеді.
Тіс ауырғанда сол тұсты қыздырмаңыз! Компрестер қоюға және ыстық сумен шаюға тыйым салынады. Температура кесірінен қабыну асқынып, іріңдеп кетуі мүмкін. Жағдайды ушықтырып алмас үшін дәрігерге барғанға дейін қарапайым ережелерді сақтаңыз:
- Таңертең және кешке тісті мұқият тазартыңыз, әр тамақтанудан соң ауызды шаюды ұмытпаңыз немесе тіс жібін пайдаланыңыз.
- Жалпы денсаулығыңызды күтіңіз, көбірек су ішіңіз және түрлі тамақтар жеңіз.
- Кәсіби маманның көмегіне жүгініңіз: жарты жылда бір рет тіс дәрігеріне қаралыңыз.