Неліктен ауызға металл дәм келеді?

Неліктен ауызға металл дәм келеді?
Фото: ru.freepik.com

Кей адамдар аузынан металл дәм сезеді. Бұл өте жағымсыз. Оған қоса, ол денсаулыққа қатысты проблеманы көрсетуі мүмкін. Оның не үшін пайда болуы мүмкін екенін қарастырайық.

Дәрілер ішу

Кей дәрілерді ішкеннен аузыңыздан металл дәм сезуіңіз мүмкін. Мысалы: антибиотиктер, артериялық қысымға арналған дәрілер, ауызды құрғататын антидепрессанттар. Егер металл дәм дәрілердің себебінен пайда болған болса, ол дәрі сіңгеннен кейін немесе дәрі ішу курсы аяқталған соң кету керек.

Ауыз қуысы гигиенасының нашар болуы

Ауыз қуысы гигиенасы сақталмайтын болса немесе ол жеткіліксіз болса, гингивит және пародонтит пайда болады. Ал бұлар ауызға металл дәмнің келуін тудырады. Сондай-ақ тіс еті ауруларының бастапқы стадиясы кезінде де ауыздағы дәм өзгереді. Сондықтан егер аузыңыздан металл дәмді бұрыннан байқап жүрсеңіз, тіс дәрігеріне көріну артық етпейді.

Мырыштың жетіспеуі немесе артық болуы

Дәм сезудің бұзылуы немесе ауызға «біртүрлі» дәмнің келуі ағзадағы мырыш деңгейінің бұзылуымен байланысты болуы мүмкін. Бұл микроэлементтің жетіспеушілігі жиі дұрыс тамақтанбағаннан немесе ағзаның қоректік заттарды дұрыс сіңірмеуінен байланысты болады. Бұл жасушалардың жаңаруын баяулатып, ауыздағы дәмнің өзгеруіне әкеледі. Мырыш жетіспеушілігінің белгілеріне тырнақ сынғыштығы мен шаш түсуі жатады.

Сол секілді мырыштың артық болуы да зиян. Бұл жағдайда металл дәмнен бөлек, жүрек айнуы және асқазан жұмысының бұзылуы мүмкін. Әдетте, сізге келмейтін дәрумендер жинағы мен қосымшалар ішкен кезде ағзадағы мырыш деңгейі артып кетеді. Оның мөлшерін қан анализын тапсыру арқылы білуге болады.

Жүктілік

Жүктілік кезіндегі гормондар деңгейінің өзгеруі ауыздан металл дәм шығуына әкелуі мүмкін. Сондай-ақ жалпы үйреншікті тамақтың дәмі өзгеруі мүмкін.

Химиотерапия

Химиотерапия алып жүрген адамдардың жиі жүрегі айниды және олар аузынан металл дәм сезетінін айтады. Бұл химиотерапиямен және қатерлі ісікті емдеуге қолданылатын дәрілік препараттармен байланысты.

Бауыр мен бүйрек аурулары

Бұл өте сирек кездеседі, дегенмен осы органдар проблемасы себебінен ауызда металл дәм пайда болатын жағдайлар бар.

Неврологиялық бұзылыс

Адамдардың дәмді, иісті, суретті және дыбысты қалай қабылдайтыны жүйке жүйесіне байланысты. Сондықтан кей неврологиялық проблемалары бар адамдар аузынан металл дәм байқауы мүмкін.

Метал буларын жұту

Бұл өндірісте жұмыс істейтін адамдар арасында кездеседі. Егер металл буымен демалған болсаңыз, аузыңыздан металл дәм сезіп қана қоймай, қалтырауыңыз да мүмкін. Бұл кезде таза ауаға шығып, демалу керек.

Әдетте, жағымсыз сезімдер металл буы бар жерден шыққаннан кейін бірнеше сағаттан соң кетеді. Бірақ мұндай әсерге жиі шалдықсаңыз, дәрігерге көрініп тұру керек. Себебі ол денсаулыққа жағымсыз әсер етуі мүмкін.

Ауыздағы металл дәмінен қалай арылуға болады?

Ең алдымен, оның пайда болу себебін анықтау керек. Ол үшін дәрігерге қаралыңыз. 

Ал одан уақытша арылу үшін сағыз шайнауға, тамаққа дәмдеуіштер қосып жеуге болады. Уақытылы су ішуді және тамақтан соң ауыз шаюды, тіс тазалауды (щетка немесе тіс жібі) ұмытпаңыз. Темекіден бас тарту да маңызды. Себебі бұл әдет жағымсыз сезімді ушықтырып жіберуі мүмкін.

А. Жапатова