- Негізгі бет
- Денсаулық
- Неліктен адамдар күзде...
Неліктен адамдар күзде жиі ауырады?
Адамдардың күзде жиі ауыратынын сіз де байқаған боларсыз?! Оған тек ауа райы емес, адамдардың әдеттері де әсер етеді. Неліктен күзде адамдар жиі тұмауратып кетеді?
Маусымдық аллергия асқынып кетеді
Аллергиктер күзде жағымсыз белгілерден қиналады. Қыркүйекте белсенді гүлдену жалғасады, қазанда декоративті және кеш гүлдеп бітетін өсімдіктер қоздырғыш бола алады. Ал қарашада аллергияның асқынуына үй шаңы және салқын себепші болуы мүмкін.
Аллергиямен жиі бірге жүретін ринит ағзаға вирустар мен бактериялар түсуін жеңілдетіп жіберуі мүмкін. Оған қоса, иммунды жүйе аллергиямен күресуге бағытталғандықтан, оған вирустарға да қарсы тұру қиынға соғады.
Адамдар көп уақытын ғимараттың ішінде өткізеді
Далада жаңбыр немесе төмен температура болғандықтан, адамдар серуендегісі келмейді. Адамдардың көпішілігі үйде болуды немесе жұмыс күні біткенше кеңседе отыра беруді қалайды. Мұндай әдет жиі ауырудың себебі бола алады. Тұмауы бар адам ғимарат ішінде ұзақ отырса, онда бактериялар тарай бастайды. Оның қасында қаншалықты ұзақ отырсаңыз, жұқтырып алу қаупі соншалықты жоғары болады. Себебі микробтар ауа-тамшылы жолмен және ауыратын адам қолданған заттарды ұстау арқылы беріледі.
Ағзаға күн сәулесі жетіспейді
Күн сәулесінің аздығынан ағзаға D дәрумені жетіспеуі мүмкін. Ал ол мықты иммунитет болу үшін және вирустармен күресу үшін қажет.
Ауа құрғақ болады
Жыл мезгілдері ауысуымен ауа да өзгереді. Суық күндері ол құрғақ бола түседі. Ал бұл микробтар мен бактериялардың оңай таралуына ықпал етеді. Құрғақ ауа адам ағзасына да әсер береді. Вирустар түспес үшін және иммунитет әлсіремес үшін ауыз бен мұрын шырыштылары үнемі жақсы ылғалданған болуы керек. Бірақ күзгі ауа оны құрғатады, сондықтан да қорғаныш қызметі төмендейді.
Күйзеліс артады
Күн тәртібінің өзгеруі, балалардың сабақтарының басталуы, күннің қысқаруы, жазғы кестенің өзгеруі — мұның барлығы күзде қосымша күйзеліске әкеледі. Ал сіз күйзелісте жиі болған сайын тұмауратып қала беруіңіз мүмкін.
Адамдарға ұйқы жетіспейді
Көптеген адамға күзгі режимге бейімделу қиын. Олар ұйқы проблемаларына жолығады. Ал оның жетіспеуі хал-жағдайға әсер етеді. Ғалымдардың зерттеулері бойынша, ұйқысыздық тұмаурату қаупін бес есе арттырады. Олар оны иммунды жүйенің әлсіреуімен байланыстырған.
Қысым өзгереді
Ауа райына тәуелді адамдар жаңбыр жауарда және бұлтты күндері буындарының ауыратынын байқауы мүмкін. Оның себебі атмосфералық қысымның өзгеруінен болуы мүмкін.
Ауа райына тәуелділік медициналық диагнозға жатпайды, дегенмен жағмысыз белгілерді көптеген адам сезеді. Атмосфералық қысымнан бөлек адамның қан қысымы да өзгеруі мүмкін. Әдетте, суық мерзімде ол сәл жоғарылай түседі.
А. Жапатова