Балалардың зәр ұстай алмауы (энурез) - қандай да бір аурудың немесе кіші жамбас органдарының физиологиялық бұзылысының белгісі болуы мүмкін. Сондай-ақ ол баладағы психологиялық проблеманың салдары болуы да мүмкін. Балалардың зәр ұстай алмауының негізгі себебін тек тәжірибелі мамандар ғана анықтай алады. Бұл ауру туралы педиатр Әбжан Әзиза айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Педиатр баланың зәр ұстай алмауы қай жаста қалыпсыз саналатынын ескертті.
"Балалардың кіші дәретін ұстай алмауы ғылыми тілде энурез деп аталады. Негізі энурез 5-7 жасқа дейін қауіпсіз. Себебі бұл орталық жүйке және зәр шығару жүйесінің толыққанды дамып бітпегендігін көрсетеді. Яғни, 5-7 жас аралығында орталық жүйке және зәр шығару жүйесі толыққанды дамымағандықтан бала түнде ұйықтап жатқанда миға қуығының толғаны жайлы сигнал келмейді. Соның нәтижесінде, бала төсекке кіші дәретін жіберіп қойып жатады. 7 жастан жоғары баланың зәр ұстай алмауын біз қалыпты емес деп санаймыз", - деді дәрігер Әзиза.
Дәрігер Әбжан Әзизаның айтуынша, энурез туындауының негізгі себептеріне мыналар жатады:
1. Күйзелістік фактор;
2. Тұқымқуалаушылық;
3. Зәр шығару жүйесіндегі қандай да бір патология;
4. Орталық жүйке жүйесіндегі қандай да бір патология, яғни неврологиялық аурулар.
Дәрігер кейде ата-аналарға құрғақ төсек күнтізбесін ұсынатынын айтты.
"Құрғақ төсек күнтізбесі - ол бір айда баланың құрғақ болып оянған күндерін белгілеу. Кіші дәретін жіберіп қою балаға да, анасына да жағымсыздық тудырады. Сондықтан, мысалы, анасы баласымен сөйлеседі. Біз бір ай бойы сенің құрғақ болып оянған күндеріңді осы күнтізбеге белгілеп отырамыз. Егер сенің бір айда құрғақ болып оянған күнің 20-25 күн болса, саған осындай сыйлық аламыз. Одан кейін енді келесі айда 27 күн құрғақ оянсаң, саған мынадай сыйлық аламыз. Одан кейін үшінші айда енді 30 күн бойы сен кіші дәретіңді жібермесең, мен саған осындай сыйлық алып беремін деп баланы ынталандырамыз. Және де түнгі бір уақытқа балаңыздың төсегінің жанына оятқыш қоясыз. Ол оятқышқа сіз емес, балаңыз оянып үйренуі керек", - деп кеңес берді дәрігер Әзиза.
Егер балаңыз түнде кіші дәретін ұстай алмаса, алдымен педиатрдың кеңесін аласыз. Содан кейін невропотологтың, урологтың кеңесін алу керек. Егер осы кісілерде урология немесе неврология жағынан паталогия болатын болса, бірінші соны емдеу керек.
Егер балада энурездің ешқандай медициналық себебі табылмаса, балалар психологының көмегі қажет болуы мүмкін. Балалардағы невротикалық энурез баламен болған зақымдаушы жағдай себебінен пайда болуы мүмкін. Мысалы: отбасыдағы жанжал, бірдеңеден қатты қорқу, созылмалы күйзеліс немесе депрессия. Бала жоғары үрей деңгейін басқа жолмен шығара алмағандықтан, энурез пайда болуы мүмкін.
Баладағы энурезді өздігінен емдемеңіз. Балаға ұрсуға немесе оны ұялтуға болмайды. Оның ауруы туралы басқа адамдарға айтпаңыз. Әйтпесе, оның өз-өзін бағалауын одан сайын түсіріп тастайсыз. Бұл жағдайда сізге де, балаға да, балалар психологы көмектесе алады.