Туған-туысқандарыңыздың ішінде немесе достарыңыздың арасында "Р" дыбысына тілі келмейтін адам бар шығар? Оларға бірі түсіністікпен қараса, екіншісі күле қарайды. Қоғамда ондай адамдар жұртпен тікелей қарым-қатынасты талап ететін жұмыстарға орналаса алмайды, әрі жастайынан емделмесе, есейген шағында түзетуге жарамайды деген қате пікірлер қалыптасқан. Есіңізде болсын! Бұл ақауды жыныстық жетілу құбылысынан кейін де реттей аламыз.
Массагеттік оқырманымыздың өтініші бойынша, аталған ақау туралы аз-кем мәлімет беріп, оны ретке келтірудің тәсілін ұсынбақпыз.
Оны емдеудің төмендегідей негізгі екі тәсілі бар:
1. Радикалды тәсіл. Яғни, хирургиялық жолмен емдеу.
2. Консервативті тәсіл. Бұл – арнайы жаттығулардың көмегімен қалпына келтіру деген сөз.
Ең алдымен, «р» дыбысын не себепті айта алмайтынымызды анықтап көрейік.
Бұл – ғылым тілінде «анкилоглоссия» деп аталады. Тіл астындағы жүгеннің ұзындығы өте қысқа болғандықтан, ол тілдің еркін жылжуына мүмкіндік бермейді.
Мұндай ақауы бар адамдарға бірден оташы мамандарға барған дұрыс.
Олар өз кезегінде жансыздандыратын дәрі беріп, жүгенді кеседі. Артынша, бірнеше күннен кейін «р» дыбысын еш кедергісіз айта беруіңізге болады.
Екінші тәсілге сәйкес ақауды түрлі жаттығу жасау арқылы ретке келтіру мүмкіндігі бар. Ол үшін тілді иекке жеткізуге тырысу керек. Келесі бір жаттығуда басыңызды шалқайтыңқырап, тіліңізді үстіңгі ерніңізге тигізуге тырысыңыз. Мұнымен қатар, тілді белсенді түрде ары-бері қозғалтудың пайдасы зор. Құрамындағы сөздерде «Р» дыбысы бар жаңылтпаштарды жиі айтыңыз. Қиналып жүрген болсаңыз, "Р" әрпі бар жеке сөздерді таңдауыңызға болады.
Ленинді көзбен көрмесек те, ата-анамыз арқылы естіген болармыз. Ол да бала күнінде "Р" әрпін айта алмаған екен. Аты тарихта қалған көсем аталған әріпті айту үшін көп жаттыққан. "Р" мен "Д" әріптерінің артикуляциялары бірдей болғандықтан, екеуі қатар қолданылған сөздерді жиірек қолданған. Нәтижесінде, еңбегі өз жемісін жегізген.
Әлемде адам баласының қолынан келмейтін еш нәрсе жоқ. Бастысы – өзіңіздің жақсы нәтижеге жете алатыныңызға сеніңіз. Жинақталып, сіз де жаттығулар жасап көріңіз. Драма, дастархан, достар, дәрі, дүрбі, дүңгіршек сынды сөздерді жиі айтыңыз. Тіл асты жүгенінің ұзармайтынын байқасаңыз, өз жұмысын жақсы білетін оташы маманға жолығыңыз. Ол ақауды бірден қалпына келтіреді. Ал, жарасы небары бірнеше күннің ішінде жазылады.
Сүйікті оқырмандарымыз! Өзіңізді мазалап жүрген сұрақтарыңыз болса, massaget.kz@gmail.com поштасына хат жолдауларыңызға болады. Біз де өз кезегімізде бар көмегімізді аямай, ой бөлісіп, мәселеңізді оқырмандармен бірге талдауға әзірміз.
Ал, Сіз мұндай ақаумен жолыққан ба едіңіз? Оны қалай емдеуге болады деп ойлайсыз?
Сурет:rudaki.ru