- Негізгі бет
- Денсаулық
- Мың жылдық тарихы...
Мың жылдық тарихы бар өсиет
Ежелден медицина ғылымының атасы атанған Авиценна 980 жылы 16 тамызда дүниеге келген. Шын есімі - Абу Али Хусейн ибн Сина. Авиценна өмір бойы медицина саласында қызмет атқарған. 16 жасында оны әмірші Бұхараны емдеуге арнайы шақыртады. Содан бері Ибн Сина сарай дәрігері болып қызмет жасайды. Оны бекер «дәрігерлердің басшысы» деп атамаған. Авиценна өз өмірбаянында «Мен медицина саласын меңгере келе, білімімді науқас адамдарды бақылай отырып жетілдірдім. Оқығаныма тәжірибе қоса отырып, кітапта жазылмаған дүниелерді үйрендім» деп жазады. Авиценнаның 1000 жыл бұрын жазып кеткені ХХІ ғасырда да өз орнын табуда. Денсаулығы мықты болғысы келетіндер үшін ежелгі дәрігердің ақылды кеңестерін ұсынамыз:
Физикалық белсенділік:
«Жұмыссыздық пен бос әурешілік тек надандықтың белгісі емес, денсаулықтың нашарлауына әкеліп соқтыратын ықпалдар...
Физикалық жаттығудан бас тартқан адам әлжуазданып, ағзасы әлсіздене түседі...
Шамасына лайық үнемі жаттығумен айналысып тұратын адам аурудан қорықпаса болады...
Физикалық жаттығумен уақтылы айналысып жүрген адамға дәрі-дәрмекті қабылдаудың да қажеті жоқ».
«Асқазанға күшті келетін тағам – ең нашар, ал сусынның ең нашары – шамадан тыс ішілгені...
Егер көп тағам ішіп қойсаңыз, ертесінде аш жүргеніңіз абзал...
Ең жаманы - ащы мен тұщыны араластырып, ұзақ уақыт тамақтану. Жеңіл тағам деніңіздің саулығын қамтамасыз етіп, күш-қуатыңыздың артуына себепкер болады...
Жақсы тағамнан кейін ұйқысыздық мазалап, жүрегіңіз айнымауы керек. Бірінші өсиетім – тағамды өлшеп же, екіншісі – шарапты аз іш».
Шарап жайында:
«Жүзімнен жасалған шараптың пайдасы да, зияны да бар: Көп ішсең – азап, мөлшерін біліп ішсең – шипа...
Қолдарыңыз шарап құйылған ыдысты аз көтерген сайын, ұрыс алаңында соғұрлым мықтырақ болады...
Ішімдік құмарлыққа салыну бауыр мен мидың жұмысын нашарлатып, жүйкені жұқартады...»
Дұрыс ұйқы:
«Дені сау адамдардың уақтылы ұйқыға көңіл бөлгендері дұрыс. Ұйқы бойдағы күш-қуатты қалпына келтіреді. Шамадан тыс көп ұйықтау, аз ұйықыдан да жаман. Ол адам жанын әлсіретіп, мидың нашар жұмыс жасауына алып келеді...
Ең жаманы – ұйқы мен сергектіктің арасын ажырата алмай төсекте жату. Мұнымен қатар, тоқ қарынға ұйықтау да зиян...
Дұрыс ұйқыға көрпе мен жастықтың да әсері бар: бас аяқтан жоғары орналасуы тиіс.
Ең кереметі – оң жақ қырға ұйықтап, сол жақ қырға қарай ауысу. Егер екпетінен жатса, астың қорытылуына септігін тигізеді, ал шалқасынан әдетте науқастанған адамдар ұйықтайды. Мұндай адамдар бұлшық еттерінің әлсіздігіне байланысты аузын ашып ұйықтайды».
Жанға жайлы мекен:
«Тұрғылықты мекен таңдап жатқан адам ол жердің топырағы мен суына назар аударуы тиіс. Және үйдің шұңқырда немесе жел жетерлік жерде орналасуына да...
Есік пен терезелер шығыс пен солтүстікке қарап, оларға кез келген жерден күн түсуі тиіс».
Жан мен тәнге рахат сыйлайтын тепе-теңдіктер:
1) Мінез тұрақтылығы;
2) Дұрыс сусын мен тағам таңдай білу;
3) Тәніңізді қажетсіз дүниелерден арылту;
4) Мінсіз сымбатыңызды бірқалыпты ұстау;
5) Таза ауамен тыныс алу;
6) Қонымды әрі ауа райына лайық киім кию;
7) Жан мен тәннің қозғалысын үйлестіре білу (ұйқы мен сергектік мәселесі де қаралады);
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: doktor.kz
Қ. Бүйенбай