- Негізгі бет
- Денсаулық
- Музыканттардың миы жақсы...
Музыканттардың миы жақсы жұмыс істейді
Сарапшылардың бағалауына қарағанда, кәсіби музыканттардың миы басқа мамандық иелеріне қарағанда өте жақсы жұмыс істейді екен. Канаданың ғалымдары осындай ұйғарымға келген. Ал мұның себебі неде?
Зерттеушілер мидағы нейрондық байланыстарды зерттеу арқылы мынандай қорытынды жасаған: Мидағы сазды әуен олардың есте сақтау қабелетін үнемі дамытып отырады. Тұрақты түрде репитиция жасап отыратын музыка мамандары ақпаратты көп қабылдап, оны жүйелі түрде мида өңдеп отырады екен. Сонымен қатар ғалымдар екі немесе үш тілде сөйлейтін адамдардың да миы өте белсенді екенін айтқан. Адам сөйлеп тұрып, екінші тілге ауысқанда мидың жұмыс істеу қабелеті артып кететін көрінеді.
Жалпы сарапшылар атап көрсеткендей, миды белсенді жұмыс іттету адамның өзіне байланысты. Ол үшін мамандар ұсынған арнайы жаттығуларды жиі жасап тұру керек. Жалпы адамның дел-сал күйде шаршап жүруінің бірнеше себебі бар. Біріншіден, ұйқыңыз қанық болмаса, ол да сіздің қалыпты жұмыс істеуіңізге кесірін тигізеді. Күні бойы шаршаңқы кейіпте жүрген адам ешуақытта сергек бола алмайды. Сондықтан алдымен ұйқыңызды қандырғаныңыз дұрыс.
Қозғалыстың аздығы да сіздің миыңыздың белсенді жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейді. Егер компъютер алдында көп отыратын болсаңыз, міндетті түрде жаттығулар жасап тұрғаныңыз абзал. Тым болмаса, 5-10 минут дәлізде ары –бері жүргеніңіз жөн, демек қозғалыс арқылы бойыңызға қанның тарағаны дұрыс. Тіпті жүруге ерінсеңіз, орныңызда он рет отырып-тұрыңыз.
Тағы айтатын бір нәрсе, суды көп ішкеніңіз абзал. Біздің денеміздің 60 пайыздан астамы судан тұрады, ал мидағы судың мөлшері 80 пайыз шамасында. Егер оттегі немесе су жетіспесе, онда басыңыз айналады, тіпті естен танып құлап қалуыңыз мүмкін. Газды су, түрлі жеміс сусындары, шай мен кофеге көп әуестенудің қажеті жоқ. Тек таза су ғана ағзадағы және мидағы қажеттілікті толтырады. Мүмкіндігінше, қолыңызда су толы құты жүрсін.
Н. Үсенова