Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелу жолдары

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелу жолдары

2017 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылған болатын. Бұл жүйе елімізде енді енгізіліп жатқан жүйе болғандықтан халық жүйеге қатысты кейбір деректерді білмеуі мүмкін.

Бүгінде көпшілік жиі қоятын сұрақ міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу үшін не істеу керек, қандай құжаттар қажет? Бүкілхалықтық науқан болғандықтан жүйеге қатысудың қыр сыры халыққа түсінікті болуы керек.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кіру үшін алдымен емханаға тіркелу қажет. Алдағы уақытта МӘМС пакеттерін пайдаланғыңыз келсе алдымен емхана таңдаңыз. Емхананы тұрғылықты жеріңіз бойынша таңдауға болады. Содан кейін тіркеуде барсыз ба, жоқсыз ба, осыны тексеріңіз. Оны электронды үкімет порталы (egov.kz) арқылы тексеруге болады. Егер бұрын-соңды еш жерге тіркелмеген азаматтар осы портал арқылы кез-келген емханаға тіркеле алады. Ал ғаламторды пайдалануға мүмкіндігі жоқ тұрғындар оны жақын маңдағы емхана арқылы тексереді және тіркеледі. Тіркелу үшін екі-ақ құжат талап етіледі.

1. Еркін формада жазылған өтініш
2. Жеке куәлік

Міндетті түрде өз мәртебеңізді анықтап алыңыз.

Емхананы басқа елді-мекенге қоныс аударғанда, емхана қайта ұйымдастырылғанда немесе жабылғанда, емхананы қалауынша таңдағанда, жылына бір рет және тіркелу науқаны кезінде (жыл сайын 15-қыркүйек пен 15-қараша аралығында) ауыстыруға болады.

Шұғыл жағдайларда тіркелмей-ақ кез келген емхана қызметін пайдалана алатыныңызды ұмытпаңыз.

Сіз тек бір ғана емханаға тіркеле аласыз. Егер басқа жерге тіркелген жағдайда алдыңғы емхананың тіркелуінен автоматты түрде шығарыласыз.

 

 

О. Сансызбай