- Негізгі бет
- Денсаулық
- Миға пайдалы өнімдер:...
Миға пайдалы өнімдер: Маман тағамның миымызға қалай әсер ететінін айтты
Ми біздің өміріміздің барлық аспектілерін, яғни, ойды, қозғалыстарды, сезімдерді басқарады. Ол үшін оған үнемі тамақтан алатын энергия қажет. Сондықтан не жейтініңізді қадағалау өте маңызды: есте сақтаңыз, сіздің таңдауыңыз дененің ең күшті органы - миға тікелей және ұзақ мерзімді әсер етеді.
Осы орайда маманнан асқазан мен мидың қалай байланысатыны және миымызға қандай тағам қажет екендігі туралы сұрадық.
Дәрігер невролог,анти эйдж дәрігері Сманова Ұлжалғас:
«Бұл өте қызық тақырып, себебі көбіміз ішіп отқан асымызға асқазан-ішек ауруларын байланыстырамыз. Бірақ оны миға да тікелей қатысы бар.
Жалпы кез келген тапшылық біздің не тұтынатынымызға байланысты. Біздің миымыз өте нәзік. Егер еш пайдасы жоқ, былайша айтқанда, сау тағам тұтынбасақ, бар ағзамызбен қоса, миымыз да құрдымға кетеді. Жүйке жүйесі тез құртылады. Зиянды, улы нәрсе жеген сайын жылдар бойы ми әлсірей береді. Ол тіпті суға да сезімтал. Сұйықтық жетіспесе, құрғайды. Бұған мән бермей жүреді де, әбден асқынғанда, яғни, есте сақтау нашарлап, Альцгеймер, Паркинсон сынды аурулар пайда болғанда ғана ойланады.
Біздің дұрыс тамақтануымыз өте маңызды. Ішекте қабыну процесін тудыратын өнімдер кесірінен дұрыс сіңірілу жүзеге аспайды. Бұдан ми зардап шегеді. Бір кеңесім, кез келген органға ұқсайтын тамақ жеу керек. Ми ма, демек жержаңғақ секілді өнімдер пайдалы болады»-дейді.
Миллиондаған нервтер мен нейрондар ішек пен мидың арасынан өтеді. Біз жейтін тағам мен ішектегі бактериялар арасында денсаулығымызға және тіпті көңіл-күйімізге әсер ететін көптеген байланыстар бар. Ішектегі бактериялардың жұмысын түзету арқылы мидың жұмысын жақсартуға болады.
Зиянды тағамдарды жиі пайдаланатын адамдарда жадқа, оқуға және психикалық саулыққа жауап беретін мидың гиппокамп аймағы кішірейеді.
Диетадан зиянды көмірсуларды алып тастау IQ мен жалпы денсаулықты жақсартады және депрессиядан сақтайды.
Мидың жағдайын нашарлататын тағамдарға мыналар жатады:
• ақ ұн,
• тазартылған қант,
• құрамында транс майлары мен жануарлардан алынатын майлар бар фастфуд.
Біздің көпшілігіміз инстинктивті түрде аштық сезімін мүмкіндігінше тезірек басуға тырысамыз. Дегенмен, тамақтан қысқа мерзімді бас тартудың зияны жоқ.
Миға ерекше «ұнайтын» тамақтар:
1. Омега-3 май қышқылдары
Омега-3 полиқанықпаған май қышқылдары (PUFAs) бар диета мидың қартаюын бәсеңдетеді және Альцгеймер ауруын қоса, кәрілік деменцияның даму қаупін айтарлықтай төмендетеді. Сонымен қатар, омега-3 қабылдау депрессиямен күресуге көмектеседі.
Омега-3-ке ең бай тағамдар:
• майлы балықтар: лосось, майшабақ, форель, скумбрия және т.б.;
• зығыр, кендір және жаңғақ майы;
• зығыр және чиа тұқымдары;
• жаңғақтар;
• балдырлар.
2. Лецитин
Лецитин – жүйке жүйесінің негізгі қоректену көздерінің бірі. Перифериялық жүйке жүйесінде 17% лецитин, ал мида 30%. Лецитин тапшылығы жүйке, жүрек-тамыр және басқа жүйелердің дисфункциясымен бірге жүреді.
Оның жетіспеушілігін толтыру үшін диетаға лецитинге бай тағамдарды – жұмыртқаны, жаңғақтарды және бұршақтарды қосу маңызды.
3. Триптофан
Триптофан – мидағы серотонин өндірісін арттыратын амин қышқылы, көңіл-күйге, ұйқының сапасына жауап беретін гормон. Заттың денеге оң әсері мол. Ол ұйқысыздық пен депрессиямен күресу үшін қолданылады.
Амин қышқылының қоры банандарда, бұршақтарда, сүзбеде, сүт өнімдерінде, құрмада, жұмыртқада, балықта, етте, жаңғақтарда, жержаңғақтарда және дәндерде кездеседі.
4. Ақуыз
Ми үшін маңызды ақуыз изолейцин саналады: ол иммундық жүйенің стимуляторы рөлін атқарады, қосымша энергия береді және гемоглобинге ықпал етеді. Изолейцин энергияны арттырады, төзімділікті арттырады және бұлшықет тінін қалпына келтіруге көмектеседі.
5. В дәрумендері – жүйке жүйесіне тікелей әсер ететін өмірлік маңызды заттар. Витаминдердің жетіспеушілігін болдырмау үшін диетаңызды қадағалаңыз.
6. Микробиома сау ішекте кездесетін көптеген бактериялардан тұрады. Ми үшін бұл ішек бактериялары маңызды. Олар ішектің шырышты қабығын қорғайды және токсиндер мен «жаман» бактерияларға қарсы күшті тосқауыл жасайды, сондай-ақ ішек пен ми арасында тікелей өтетін жүйке жолдарын белсендіреді. Жүйке жүйесінің көптеген аурулары – аутизм, депрессия, шизофрения, Паркинсон ауруы, Альцгеймер ауруы кейде ішек бактерияларымен байланысты болуы мүмкін.
Таза ауамен тыныстаңыз, жалғыз уақытты өткізіңіз, диетаңызға пайдалы тағамды қосыңыз және ішкі үйлесімділікті сақтаңыз, сонда ми мүмкіндігінше ұзақ уақыт сергек және өнімді болады.
А. Оралқызы