Ми жұмысын 20 минутта жақсартуға болады

Қарап тұрсақ, әр адамның басынан өтіп тұратын жағдай: қысқа ғана уақыт аралығында барлық шаруаны тындыру керек. Ал сіздің шаруа атаулыны сүріне жүріп тындырып тастағыңыз келеді. Келеді-ақ! Бірақ, мүмкін емес! Міндетті түрде демалыс қажет. Сондайда не істеу керек?

Ол үшін күшті тез арада қалыпқа келтіретін әдісті қолданасыз. Егер ағзаңыздың тым қатты шаршағаны, не болмаса ауырғаны сезілсе, онда кофе көмектеседі. Бар-жоғы 15-20 минуттың ішінде сіздің ақыл-ойыңыз толықтай қалыпқа келіп үлгереді. Өзіңіз-ақ алып қараңыз, ешқандай физикалық немесе материалдық шығын кетпейді. Қаншалықты шаршасаңыз, соншалықты қуаттылықты сезінетін боласыз.

Кофені ішіп алған бойда 15-20 минут аралығында көз жұмып алыңыз. Дәл осы уақыт аралығында кофе асқазанға жетіп үлгеріп, сергектік сыйлауға тырысады.

Ескерте кететін жайт, белгіленген уақыт мөлшерінен артық ұйықтауға болмайды. Себебі, 15-20 минут аралығында жеңіл ұйқы фазасы орын алса, одан ары қарай жоғары фаза кезеңіне кетіп қалады. Содан соң ұйқыдан тұрудың қаншалықты азап екенін түсініп көріңіз...

Бәрін ойдағыдай, ойға алғандай істеп шықсаңыз, онда ұйқыдан тұрған бетте жақсы демалып қалғаныңызды сезінесіз. Әрине, ағза өзін толыққанды жақсы сезінбеуі мүмкін, алайда, ми бөлігі жұмыс істеуге сақадай-сай тұрады.

сурет:078.com.ua

Дайындаған: Фараби Арыстанбек