2017 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылған болатын. Биылғы аударымдар мен жарналарды жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер мен азаматтық құқықтық сипаттағы келісімшарт негізінде жұмыс істейтін азаматтар төлейді.
Осыған дейінгі мәліметтерге сүйенсек, 2017 жылдың 4 тамызын қоса алғанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне аударылған төлемдердің жалпы көлемі 1,1 млрд теңгеден асып жығылған. Бұл туралы жүйенің ресми сайты хабарлады.
Өткен жұмыс аптасында Медициналық сақтандыру қорының ҚР Ұлттық банкіндегі шотына 480 млн теңгеден астам қаржы түскен. Түсімдердің жартысынан астамы – 54% – жұмыс берушілердің аударымдары болса, қалған 46% – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде жұмыс істейтін тұлғалардың жарнасы.
Болжам бойынша 2017 жылы медициналық сақтандыру қорына 23 миллиард теңге қаржы түсуі тиіс. Оның 95 %-ы жұмыс берушілердің аударымдары, 5 %-ы жарналарға тиесілі болмақ.