- Негізгі бет
- Денсаулық
- Маймыл шешегі қандай...
Маймыл шешегі қандай ауру және ол қалай таралады?
Маймыл шешегі – поксвирустар тұқымдасына жататын вирус. Ол алғаш рет 1958 жылы маймылдардан табылған. Құрылысы мен қасиеттері бойынша адамның шешек вирусына ұқсас.
Маймыл шешегімен адам алғаш рет 1970 жылы Конго Демократиялық Республикасында (бұрынғы Заир), Экватория провинциясының Басанкусу қаласында ауырған. Заирде 1981-1986 жылдар аралығындағы ДДҰ бақылауы бойынша 338 науқас анықталып 33 өлім (өлім көрсеткіші 9,8%) тіркелген. 1996–1997 жылдары Заирде індет екінші рет анықталды.
Маймыл шешегі Орталық және Батыс Африканың шалғай аудандарында жиі кездеседі. Көбінесе осы аймақтарда болған адамдар ауруды жұқтырып, басқа мемлекеттерге таратады.
Белгілері
Инкубациялық кезең 7-ден 19 күнге дейін созылады. Ауру жедел, кенеттен басталады, дене температурасы жоғарылайды, бас және бұлшықет ауырады. Бас айналу, жүрек айну, құсу белгілері кездеседі. Аурудың кейінгі динамикасы шешек белгілеріне ұқсас, көбінесе жеңіл және орташа өтеді.
Аурудың 3-4-ші күні алдымен бетте, сосын қолда бөртпе пайда болады, содан кейін денеге таралады. Бұл кезде науқастың жағдайы күрт нашарлайды, тахикардия пайда болады, тыныс алу жиілейді, қан қысымы төмендейді, содан кейін науқастың жағдайы бірте-бірте жақсарады. Аурудың жеңіл түрлері де байқалуы мүмкін, онда жалпы жағдай қалыпты болып қалады.
Британ денсаулық сақтау қызметінің мәліметі бойынша, бұл – сирек кездесетін вирусты инфекция. Вирус адамнан адамға оңай берілмейді және жаппай жұқтыру қаупі өте төмен.
Адам өлімі 10 жағдайдың бірінде кездеседі. Көбіне жас науқастар арасында өлім көп. Әзірге маймыл шешек ауруынан емдейтін дәрі жоқ, бірақ шешек ауруына қарсы вакцина вирустан қорғайды.
© IMAGO
Әлем елдеріндегі жағдай
2022 жылы мамырда маймыл шешегінің алғашқы белгілері Израиль мен Швейцарияда расталды. Ауру анықталған елдер саны осымен 14-ке жетті.
Екі елде де бірінші науқастар шетелден жақында оралғандар. Израильде аурудың бірнеше жағдайы тексерілуде.
ДДҰ ауру туралы алғаш рет Ұлыбританияда 7 мамырда хабарлады – ауру Нигериядан оралған туристте анықталды. 29 сәуірде оның терісінде бөртпе пайда болып, 4 мамырда Ұлыбританияға оралғанда ауруханаға түсіп, оқшауға алынған. 12 мамырда Лондонда тағы екі жаңа жағдай анықталды – олар науқаспен бір үйде тұрған. Олардың бірі ауруханаға жатқызылды, екіншісінің жағдайы жеңіл, карантинді жағдайда емделіп жатыр. 17 мамырда тағы төрт жағдай тіркелді: үшеуі Лондонда және біреуі Англияның солтүстік-шығысында.
Өткен аптада АҚШ, Канада, Испания, Португалия, Франция, Италия, Швеция, Бельгия, Нидерланды, Греция және Аустралия аумақтарында аурудың өршуі туралы хабарланды.
Дүние жүзі бойынша аурудың 80-ге жуық жағдайы расталды, бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тағы 50 науқастың ауруға шалдыққаны туралы хабарлады, бірақ бұл жағдайлардың қай елдерде болғаны белгісіз.
Ұйым ауру саны әлі де өсетінін ескертеді.
Ғалымдар мұндай індетті күтпеген еді, себебі, маймыл шешегі адамнан адамға оңай берілмейді.
"Біз күн сайын жаңа жағдайларды анықтаймыз", - деді Сюзан Хопкинс, британ үкіметінің бас медициналық кеңесшісі жексенбіде BBC-ге берген сұқбатында.
Оның айтуынша, маймыл шешегіне қарсы арнайы вакциналар жоқ болса да, көптеген елдер шешек ауруына қарсы вакцинаны егіп жатыр. Себебі екі вирус ұқсас болғандықтан, мұндай вакциналар маймыл шешегі ауруының алдын алуда 85 пайызға жуық тиімді.
Жұма күні ДДҰ қазіргі аурудың өршуін "ерекше" деп атады, өйткені ауру эндемиялық емес елдерде тіркелген. Бұл күтпеген індеттің дәл қазір неліктен орын алып жатқаны әлі белгісіз.
Вирус қандай да бір жолмен мутацияға ұшыраған болуы мүмкін деген нұсқа бар, бірақ әзірге бұл жаңа нұсқа екенін көрсететін дәлелдер жеткіліксіз. Басқа нұсқа бойынша, вирус қандай да бір жолмен таралуы үшін қолайлы жағдайларға ұшыраған.
Маймыл шешегінің бұрынғыдан да тез таралуына табиғи шешек вакциналарының бұрынғыдай кеңінен қолданылмауынан да болуы мүмкін.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропадағы аймақтық директоры Ханс Клюгенің айтуынша, вирустың таралуы жаз айларында жылдамдауы мүмкін, өйткені бұл кезеңде адамдар жиі жиналады. Ол вирустың Еуропадан тыс жерде таралғанын атап өтті - Ұлыбританиядан Австралияға оралған ер адам оның вирус жұқтырғанын растады.
АҚШ-та Массачусетс шенеуніктері жақында Канадаға оралған ер адамның вирусқа оң сынақтан өткенін айтты. Канаданың өзінде Квебекте екі жағдай тіркелді.
Т. Раушанұлы