Маймыл шешегі атты жұқпалы инфекция негізінен Африка елдерінен тарап жатыр. Алайда қазір Еуропа мен Азия елдеріне келіп үлгергендіктен, енді елдің өз ішінде тарап жатқан жайы бар.
Инфекция алғаш рет 1958 жылы анықталған. Адамға жұққан кезі 1970 жылы. Сол жылы Конго Демократиялық Республикасында бір адамға жұғып, содан Шығыс Африка елдеріне тарап кетті.
2022 жылы мамырда инфекция қайта өршіді. Бұл жолы да Африка елдерінен шықты. Бірақ Еуропаға да жетіп үлгерді.
7 мамыр күні Ұлыбританиядан табылды. Нигериядан оралған ағылшын азаматы алып келген көрінеді. 20 мамыр күні бұл елде 20 адамның маймыл шешегін жұқтырғаны белгілі болды. Сондай-ақ Португалия, Испания, Швеция, Италия, Германия, Франция, Бельгия елдерінен табылып жатыр. Канададан 13 адам шешек жұқтырған. АҚШ пен Аустралияда да жұқтырғандар бар.
Ұлыбританияның Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, маймыл шешегі енді елдің өз ішінде тарап жатыр. Яғни, Африкаға бармаған азаматтардың өзінен табылып жатқан көрінеді. Әсіресе, бисексуал, көгілдір еркектердің жұқтырып жатқаны анықталды. Соған қарағанда дәрігерлердің айтуынша, вирус жыныс жолдарымен де жұғуы мүмкін немесе вирус жұқтырған адамның төсек-орны арқылы да жұғуы ықтимал.
Вирус қалай жұғады?
Вирус көбінесе сілекей арқылы жұғады. Ауру адамның түкірігі мен сілекей бөлшектері екінші адамның ішіне түссе, жұқтыру боп саналады. Науқастың ыдыс-аяғы, бет орамалы, ұстаған заттары мен жатқан жерінен де жұғуы мүмкін.
Вирус ағзаға түскен жағдайда 5-13 күннің ішінде аурудың белгілерін береді. Ауру белгілері мынадай:
- Қызу көтерілу, қалтырау;
- Бас ауру;
- Әлсіздік;
- Жақтың асты іседі;
- Бөрту;
- Алдымен бет бөртеді, кейін бүкіл дене, бөрткен жерден ірің шығады.
Кімдерге жұғады?
Вирус көбінесе иммунитеті төмен адамдарға, балаларға жұғады. ВИЧ-инфекциясына шалдыққандарға да вирус үйір келетін көрінеді.
Ресей дәрігері Александр Мясниковтің айтуынша, маймыл шешек – шешектің бір түрі. Ал ТМД елдерінде шешекке қарсы вакцина салдыру үрдіс алғандықтан, қауіп аз.