Массаж — ағзаны сауықтыратын ежелгі тәжірибелердің бірі. Проблемалық жерге массаж арқылы әсер ету бұлшықеттердің ауырғанын кетіріп қана қоймайды, сондай-ақ басқа да мәселелерді шешуге көмектеседі. Дұрыс массаждың әсерлері әртүрлі, сондықтан қалаған нәтижеге жету үшін дұрыс техника таңдау маңызды. Массаждың көмегімен қандай әсерлер алуға болатынын қарастырайық.
Массаж ағзаға қоректік әсер береді. Массаж сеансы кезінде лимфа, ұлпааралық сұйықтық және қан ағыны жақсарады, ал тіндер көбірек оттек, микроэлементтер мен дәрумендер алады. Нәтижесінде бұлшықеттер қалпына келіп, олардың жұмысқа қабілеттілігі жақсарады. Массаж кезінде зат алмасу күшейеді және әсер еткен жерде терінің тыныс алуы жақсарады.
Массаж адамға сергітуші әсер бере алады. Процедура кезінде, сіңірлердің, бұлшықеттердің және байламдардың рецепторларынан миға жүйке импульстарының ағымы артады. Бұл мидың торлы формациясының белсендірілуіне әкеледі, яғни, адамға сергітуші әсер береді. Сергітуші әсерді арттыру үшін массажды аз уақыт және жылдам қарқында жасайды. Ағзаны сергіту үшін мына массаждық әдістер қоладыналады: терең илеу, ұрғылау, қаққылау.
Шамадан тыс жүйке-бұлшықет және психологиялық кернеуді азайту үшін массаждың тыныштандыратын әсері қолданылады. Тыныштандыратын әсер бүкіл денені ырғақты және ұзақ сипалау арқылы беріледі. Тыныштандыратын әсер эндорфиндердің (ауырсынуды табиғи басатын заттар) бөлінуімен және орталық жүйке жүйесінде тежелу процесінің дамуымен түсіндіріледі. Массажды баяу қарқында ұзақ жасаса, оның тыныштандыратын әсері арта түседі.
Қалыпқа түсіруші әсер мидағы жүйке импульстарының реттелуіне байланысты жүзеге асады. Массаж мидың қозу және тежелу процестерін қалыпқа келтіреді. Массаж сеансы кезінде уқаланатын бұлшықеттер аймағында оң қозу ошағы қалыптасады. Ол мидағы бұрыннан бар қозудың патологиялық ошағын тежей алады. Массаждың қалыпқа түсіруші әсерін түрлі зақымдар кезінде зақымдалған жерді қалыпқа келтіру үшін және бұлшықеттер семуінің дамуын болдырмас үшін қолданады. Ағза функцияларын қалыпқа келтіру үшін жеке рефлексогендік аймақтардың сегменттік массажы қолданылады. Массаж жүйке-бұлшықет аппаратын дұрыстауға, бұлшықет-сіңірлер кернеуін азайтуға және жалпы ағза жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.