Егер масалар сізді тым "жақсы көрсе", бұл сіздің ерекше дәмді қанның иесі екеніңізді білдірмейді. Сіз флавивирустардың бірін жұқтырған болуыңыз мүмкін. Бұл вирустардың кейбірі өте қауіпті. Қытайлық зерттеушілер флавивирустың түрлерімен ауыратын науқастардың терісінен қансорғыштарды тартатын ерекше иіс бөлінетінін анықтады.
"Адамдар мен жануарларда флавивирустардың жалпы 53 түрі бар. Бұл санаттағы вирустардың көпшілігі жәндіктердің шағуы арқылы беріледі. Вирустар барған сайын көбірек таралуда. Өйткені, оны жұқтырған адамдар мен жануарлар терісінде ацетофенонның жоғарылауы басталады. Масалар бұл иіске ұшып, науқас адамды шағады. Сөйтіп, вирус таралады.
Біз жәндіктер арқылы берілетін флавивирустар тері микробиотасын басқара алатынын анықтадық", - деді зерттеудің бірлескен авторы Цинхуа университеті мен Пекин университетінің өкілі Гонг Ченг Cell ғылыми басылымына берген сұхбатында.
Флавивирус (лат.) – Flaviviridae тұқымдасына жататын арбовирустар тұқымдасы. Олар негізінен буынаяқтылар (кенелер, масалар) мен сүтқоректілер (жарғанаттар, кеміргіштер) арасында таралады. Вирусы бар маса немесе кене шаққанда, олар адамға жұғуы мүмкін. Салдары өмірге қауіп төндіретін геморрагиялық қызбаға әкеледі.
Вирустар масаларды тартатын иіс шығарады. Бұл тышқандарда дәлелденген. Масалардың 70 пайызы ауру тышқандарды таңдаған. Масаларға денеден шығатын жылу әсер берген болуы мүмкін.
Токсиколог Алексей Водовозов масаларды өзіне тартатын ацетофенон иісі екенін айтады.
"Ацетофенон иісі бадамға ұқсайды. Парфюмерлерде оны хош иіс шығару үшін пайдаланады. Бұл басқаларға қарағанда 10 есе тартымды иіс. Флавивирустар антибактериалды молекуланы, альфа молекуласын тежейді. Онсыз терідегі бактериялық флора өзгереді, бұл бактериялардың көбеюіне әкеледі. Соның салдарынан ағза ацетофенонды артық шығара бастайды. Мұндай адамдар масаны өзіне тартады», - дейді маман.
Сондықтан жазда немесе демалыста масаларды өзіне тартатын құрамында ацетофенон бар парфюмериядан бас тарту керек.
Бірақ масаның жиі шағуы басқа себептерге де байланысты болуы мүмкін. Мысалы Аллерголог Ирина Ярцева сұхбатында масалар "құрбандарын" қалай таңдайтынын айтқан болатын.
Оның айтуынша, жәндіктерді адам ағзасының тамырларындағы қанның қызуы өзіне тартады.
"Масалар жылуды сезеді немесе инфрақызыл сәулені көреді. Соның салдарынан толық адамдарды маса көп шақпайды, ал арық адамдарды жиі шағады. Бірақ масалар маусымы келіп, олар көбейгенде "құрбанын" таңдап жатпайды", - дейді ол.
Айта кетейік, бұған дейін мамандар адамның есте сақтау қабілетіне зиян 7 тағамды атаған болатын.