Мантуды көпшілік екпемен (прививка) шатастырып, оны қабылдаудан бас тартып жатады. Манту не үшін қажет? Манту деген кім? Бұл сынама өзін туберкулезді зерттеуге арнаған француздық дәрігер Шарль Манту есімімен аталған. Ол диагностика жасау үшін тері асты туберкулин дәрісін жіберуді ұсынған. Қандай да бір жағдайға байланысты Манту тесті Феликс Мендель атты ғалымның есімімен тіркелген. Манту реакциясы деген не? Манту екпе емес. Ол ағзада туберкулез жұқпасының бар-жоғын көрсететін сынама немесе тест. Манту сынамасын орындау кезінде дәрігер тері астына туберкулин (туберкулез микробактериясының сығындысы) жібереді. Дәрі жіберген жерге туберкулез қоздырушыларымен байланыста болған лимфоциттер ғана бағытталады. Дәрігер үш күн өткен соң терінің тығыздалуының өлшеміне қарап, туберкулездің бар-жоғын анықтайды. Мантуды неге сулауға болмайды? Көптеген ата-аналарды мантуды неге сулауға болмайтындығы және суланып қалса, не болатындығы мазалайды. Негізінде, қауіпті ештеңе жоқ. Егер дәрі жіберген жерді қасымаса, уқаламаса және жабыстырғыш жабыстырмаса, онда судың тигені нәтиженің бұрмалануына әкелмейді. Мантуды суламау керек деген ереже ескі естеліктен қалған. Себебі дәрігерлер Манту сынамасына дейін Пирке сынамасын жасайтын болған. Ол кезде туберкулин қолдың сыртына жағылады, содан соң сол арқылы арнайы кертік жасалады. Егер сол ашық жараға су тисе, тест нәтижесі шынымен де өзгеріске ұшырайтын. Туберкулинді жіберген соң реакция әртүрлі болады: біреулерде ешқандай із қалмайды, біреулерде қызыл дақ қалады. Реакция былай бөлінеді: - тығыздалу өлшемі 0-1 мм теріс нәтиже; - 2-4 мм күмәнді реакция; - 5 мм-ден жоғары оң реакция; - балаларда 17 мм немесе ересектерде 21 мм денсаулыққа қауіпті гиперергиялық реакция. Мантудың қандай реакциясы ойландыру керек? Кей жағдайда Манту реакциясын тексерген соң дәрігер баланы фтизиатр кеңесіне жіберуі мүмкін. Мысалы: тексеріс кезінен бастап бірінші рет оң реакция көрінді, туберкулинге сезімталдық алдыңғыға қарағанда жоғарылап кетті, жалпы сезімталдығы өте жоғары болды. Алайда, бірден қорқудың қажеті жоқ. Себебі реакцияның өзгеруі түрлі аурулармен, сынама қаншалықты дұрыс жасалғандығымен және туберкулинді сақтау шартымен байланысты болады. Манту сынамасының нәтижесі бойынша кеңесте фтизиатр не істейді? Манту сынамасы нәтижесінің ауытқуы кезінде баланы фтизиатрдың кеңесіне жібереді. Бірақ ол баланың туберкулезбен ауыратындығын білдірмейді. Ол тек қосымша қаралуды қажет ететіндігін көрсетеді. Фтизиатрға барғанда вакциналау мәліметін, Манту сынамасының бұрынғы нәтижелерін, флюорография нәтижесін және қан мен зәр анализдерін апару керек. Фтизиатр қосымша қаралу туралы шешім қабылдайды. Ереже бойынша, Диаскинтест жасатады. Диаскинтест деген не? Диаскинтест ағзадағы туберкулез қоздырғыштарының бар-жоғын анықтайтын сынама. Оның Мантудан айырмашылығы, бұл тест БЦЖ екпесімен байланысты реакцияны көрсетпейді. Сондықтан оны жасау кезінде өтірік оң нәтиже ешқашан шықпайды. Егер Диаскинтест оң болып шықса, баланы емделуге жібереді. Себебі, ол 100% сенімділікпен туберкулезбен ауырады немесе ауру жасырын түрде өтуде. Сондықтан емді ертерек бастаған жөн.