Қазіргі кезде көп адам көзілдіріктің орнына линзаны қолданылып келеді. Кей қыздар далаға шығарда линзаны жанынан тастамай жүреді. Олай болса, оны қолданудың, сақтаудың, таза ұстаудың қағидаларын да жадынан шығармасын деген ниетпен мына кеңестерді ұсынамыз.
Линзамен ұйықтамау керек
Линза көз шынайнасының оттекпен «қоректенуіне» мүмкіндік бермейді. Бұл шынайнаның беткі қабатындағы жасушалардың өлуіне әкеп соқтырады. Сондықтан, күні бойы шаң жиналған линзаны шешіп ұйықтау керек. Кейін көзді мұқият жуу қажет. Егер желкеңіз жар бермей жатса, «көзімде микробтар жүр», «көзім көрмей қалады» деген жауапкершілікпен өзіңізді үйретуіңіз қажет. Линзаны шешкен соң, шаршаған көзіңізге жаттығу жасаңыз. Төмен-жоғары, оңға-солға қарап, жанарыңызды жаттықтырыңыз.
Линзаның ескі сұйықтығына таза ерітіндіні құймау қажет
Линзаның ыдысы таза болуы шарт. Офтальмологтардың айтуы бойынша, линзаның ыдысын әрбір үш ай сайын ауыстырып отыру қажет. Сонымен қатар, ыдыс ішіндегі қолданып келе жатқан сұйықтықтың үстіне таза ерітіндіні құя берсеңіз, көлемі де көбейе береді ғой. Демек, оның ішіндегі микроорганизмдер де көп. Сондықтан сұйықтықты ауыстырған кезде ыдысты құрғатып, содан кейін ерітіндіні құю керек.
Линзаны ағып жатқан сумен жумаған дұрыс
Көзіңізді байқамай уқалап қойып, линзаңыз түсіп қалды делік. Егер қолыңызда линзаның сұйықтығы болмаса, не істейсіз? «Құбырдан ағып жатқан сумен жуамын» десеңіз, қателесіз. Құбырдан аққан судың құрамында көзге қауіпті зиянкестер болуы мүмкін. Мысалы, линзаға микроб түссе, шынайна қабынып кетеді. Мүмкіндік болса, ішуге арналған сумен шайғаныңыз дұрыс.
Бір линзаны ұзақ тағып жүрмеңіз
Линзалардың жарамдылық мерзіміне баса назар аудару қажет. Себебі, әр линзаға белгілі бір мөлшер берілген. Егер линзаны жарамдылық мерзімінен артық пайдаланса оның қуаты азая береді.