- Негізгі бет
- Денсаулық
- Лак таңдау ережелері...
Лак таңдау ережелері
Маникюр жасап, тырнақ бояу – көңіл көтеріп, бейнеңізді өзгертудің ең оңай жолы. Тырнаққа арналған бояу пайдалы косметикалық құралдар қатарына жатпайтындығын білеміз. Оның жаман әсері мүмкіндігінше аз болу үшін, лак таңдау мәселелсіне мұқият келген жөн.
Тырнаққа арналған бояу таңдағанда бірінші кезекте оның түсіне емес, құрамына қараңыз. Құрамдас бөліктер арасында формальдегид, фенолформальдегидті шайыр, дибутилфталат, синтетикалық камфора мен толуол атты заттардың болмағаны абзал. Бұл химиялық қосылыстар аллергия қоздырып, маникюр кезінде көзден жас ағудың себебі бола алады. Мұндай лактардың тырнақ саулығына деген әсері де өте жаман.
Қазірде көптеген косметикалық компаниялар денсаулыққа мүлдем зиянсыз лактар шығаруда. Олар үйреншікті лактарға қарағанда түсі, тырнақта сақталу уақыты жағынан кем емес. Мұндай брендтер дибутилфталат пен камфора орнына ағаш талшықтарын қолданады.
Тырнаққа арналған бояудың құрамы дұрыс екендігіне көз жеткізгеннен кейін оны ашып, текстурасына назар аударыңыз. Жаққышты шығарып, лак тамшысы қаншалықты тез ағатындығын бақылаңыз. Тым тез тамған лак сұйық келеді, ол тырнаққа жолақ сынды жатады. Ал тым қою лак тырнаққа тегіс жағылмай қояды. Бізге қоюлығы орташа лак қажет. Ал ол тез қоюланып кетпес үшін сапалы лактардың ішіне кішкене метал шарын салады. Ол лакты араластырып тұрады.
Лактың орташа жарамдылық мерзімі – 2 жыл. Сіздің тырнақ бояуыңыз мұндай ұзақ ғұмыр кешпей ме? Ендеше оны сақтау шараларын қолға алыңыз. Лакты жарық сәулелері өтпейтін, қараңғы, салқын жерде сақтаңыз. Лактың қақпағын әркез берік жауып жүріңіз. Қазірде косметикалық дүкендерде лакты ерітетін арнайы сұйықтық сатылады. Бұл құрал қоюланып кеткен лакты сұйылтып, жағдайын жақсарта алады. Бұл мақсатта кәдімгі лак кетіретін ацетон сұйықтығын қолданған дұрыс емес. Себебі ондағы еріткіш заттардың концентрациясы тым көп, ол лактың құрамын бұзады, нәтижесінде бояу тырнаққа біркелкі жатпайды.
"Тез кебетін" лак түрлерін таңдаған дұрыс. Мұндай лактар құрамында еріткіштің көрсеткіші аз болады, бұл бояудың қауіпсіздігінің де кепілі бола алады.
Әрине, тырнақ саулығы үшін арасында демалыс беріп, тырнағыңызды мүлдем боямай жүргеніңіз абзал. Тырнаққа қосымша күтім көрсетіп, түрлі маска, май, кремдер жағып жүруді ұмытпаңыз.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: udoktora.net, lakogolik.com
С. А