Жақында жарыққа шыққан ғылыми зерттеулер көрсеткендей, тіпті сауыққаннан кейін де қызылша вирусы бактерияға, вирусқа және қатерлі ісікке қарсы күресетін иммундық жүйесіне ұзақ уақыт зақымдаушы әсерін жалғастырады. Иммунитеттің бұзылуы баланың пневмония және тұмау сияқты басқа да қауіпті ауруларға ұшырауына әкеп соғады. Қызылша вирусы әр түрлі инфекцияларға қарсы күресуге арналған антиденені шығаратын иммундық жасушаны жояды.
Ғалымдар бұл құбылысты "иммундық амнезия" деп атайды – ол иммундық жадының өшіп қалуы. Сәби кезінде бала суық тиіп, пневмония секілді басқа да ауру тудыратын бактерия және вируспен сырқаттанғанда баланың иммундық жүйесі осы инфекцияларды сақтап, олардың қайталануына дайын болады. Жаңа зерттеулерге сүйенсек, қызылша вирусы есте сақталған иммундық ақпаратты өшіріп тастап, баланы бұрын кездескен инфекцияларға қайта бейімдеп, соңы қайғылы жағдайға апаруы мүмкін.
Қызылша қауіпті, пневмония, энцефалит және басқа да асқынуларымен өлімге әкелуі мүмкін. Дамушы елдерде қызылша бала өлімінің басты себептерінің бірі болып отыр. Ғылыми деректер көрсеткендей, қызылша ауруының зардабы көп. Балаға төніп тұрған өлім қаупін алдын алуда қызылша мен басқа да балалар инфекцияларына қарсы вакцинацияның қаншалықты маңызды екенін тағы да дәлелдейді.
Әлемде қызылшаға қарсы вакцина 2001-2017 жылдар аралығында 21 миллионға жуық адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді. Дегенмен, жыл сайын әлемде 7 миллионнан астам қызылша инфекциясы тіркеледі. Дамушы елдерде бұл қызылшаға қарсы вакцинаға қол жетімсіздігіне байланысты. Дамыған елдерде қызылша инфекциясының көбеюі кейбір ата-аналардың өз балаларын вакцинациялаудан бас тартуына байланысты.
Ата-аналар балаларын вакцинациялауға "қарсымын" деген кезде, оларды тек қызылшаны жұқтыру қаупіне ұшыратып қана қоймай, басқа да көптеген инфекциядан қорғайтын иммунитетін жоғалтуға ықпал етеді. Ата-аналардың мұндай әрекеті баланың ертеректе қалыптасқан бағалы иммундық жадысынан айырып, ұзаққа кететін салдары болуы мүмкін. Ғалымдардың ойынша қызылшаға қарсы вакцина егу ешқашан да кеш емес және қайта вакцинация жоғалған иммундық жадыны қалпына келтіруге септігін тигізеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы денсаулық сақтаудың ең қауіпті: Эбола індеті, жаһандық жылыну, қоршаған ортаның ластануы, жүрек-қан тамырлары және басқа да жұқпалы емес аурулардың таралуы сияқты он кең таралған қатерлерінің қатарына ата-аналардың балаларын вакцинациялаудан бас тарту мәселесін де жатқызды.
Кәсіби емес ақпаратқа сеніп, ата-аналар вакцинациядан бас тарта отырып, тек өз балаларына өмірлік қауіп төндіріп қана қоймай, сонымен қатар жұқпалы аурулардан ұжымдық қорғанудың нашарлауына ықпал етеді.
Лондонның гигиена және тропикалық медицина мектебінің профессоры Хайди Ларсон Nature журналында былай деп жазады: "келесі ірі эпидемия алдын-алу технологияларының жетіспеушілігінен емес, әлеуметтік желілер мен сандық технологиялармен бірнеше есе күшейтілген "эмоциялық жұқпалы індеттің" салдарынан болады". Бұл қауіптің алдын алу үшін денсаулық сақтау жүйесі вакцинацияға қарсы науқанға жасалып жатқан іс-әрекеттер сияқты батыл шешімдер қабылдауы тиіс.
Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры