- Негізгі бет
- Денсаулық
- Қысым өлшеуде қателіктер...
Қысым өлшеуде қателіктер кетпес үшін...
Заманауи тонометрлермен қысымды өздігінше өлшеу қиын емес. Десе де ескеретін жайттар бар, әйтпесе, қате нәтиже алуыңыз мүмкін.
Негізі қысымды ең дәл өлшейтін құрал – сынапты аппарат. Бірақ ол қолданылуы ең ыңғайсыз құралға жатады: онымен қысымды өлшеу үшін екінші адамның көмегі керек. Оның үстіне сынап төгіліп қалуы мүмкін. Тіпті, сынапты аппараттың соңғы шыққан заманауи түрлерінің өзін үйде ұстау қауіпті болып келеді.
Қазір ауруханалардың өзінде автоматты тонометрлерді қолданғанды жөн көреді. Автоматты тонометрлер аздап қателік жіберуі мүмкін болғанымен, мамандар үйден қысым өлшеуге сондай түрін алуды ұсынады.
Қысым өлшейтін құрал аларда мына нәрселерге мән беріңіз:
- Құралдың сәйкес сертификатын немесе нұсқаулығын тексеріңіз: ол жерде тонометрдің клиникалық сынақтан өткені көрсетілуі тиіс;
- Мүмкіндік болса, қолыңызға манжетін киіп көріңіз. Ол қолға тығыз киілуі керек, бірақ оның астына екі саусақ сыятындай болуы тиіс. Көпшілік ересек адамға қол айналымы 27-34 см-ге есептелген стандартты өлшем келеді. Егер манжет өте үлкен немесе қатты тар болса, құрал қысымды қате көрсетеді.
- Манжеті жоқ гаджеттер сатып алмаңыз. Фитнес-трекер, ақылды сағат, сақина және смартфондағы қосымшалар нақты нәтиже көрсетпейді. Әсіресе, қысыммен проблемаңыз болса, дұрыс тонометр алған жөн.
Қысымды өлшеудің нұсқаулығы:
1. Алдымен қозғалыссыз қалыпта 5-10 минут отырыңыз. Физикалық күштен соң немесе күйзелістік жағдайдан кейін бірден тонометрге жүгірмеңіз. Байқасаңыз, дәрігерге барғанда да жүріп келгендіктен шамалы отырып, дем басып алуыңызды сұрайды.
2. Тексеріс алдын дәретханаға барған жөн. Қажеттілікті өтемеу қысымды көтеріп жіберуі мүмкін.
3. Қысымды жылы жерде өлшеңіз: айналаңыз суық болған сайын қысым өлшеу қателігі жоғары бола түседі. Пәтердің ішіндегі температура 18-25°С болуы керек.
4. Қысымды өлшегенге дейін 2 сағат бұрын темекі тартпаңыз, кофе ішпеңіз және ауыр тамақ жемеңіз.
5. Орындыққа арқаңызды тік ұстап отырыңыз. Аяғыңызды бірінің үстіне бірін қоймаңыз.
6. Жеңі жоқ киім киіңіз немесе киімнің жеңін бүріп қойыңыз.
7. Қолыңызды тік жазықтыққа қойғанда манжет шамамен жүрек деңгейінде тұруы керек.
8. Манжеттің төменгі жағы шынтақтың бүгілген жерінен 2-2,5 см-ге жоғары тұруы керек. Оның сымдары шынтақтың ішкі жағынан шығып тұруы қажет.
9. Барлық түтіктер бір-біріне оралмай, тегіс жатуына мән беріңіз.
10. Бағдарламаны қосып, нәтижені жазып алыңыз.
11. Бірнеше минуттан соң манжетті екінші қолға киіп, қысымды өлшеп көріңіз.
12. Егер дәрігер күнде өлшеп тұруды тапсырса, күнде бір уақытта өлшеген дұрыс. Ал егер дәрігер күні бойы қадағалауды тапсырса, одан қай уақыттарда өлшеген дұрыс екенін сұрап алыңыз.
Адамдар дәрігердің алдында жиі күйгелектейді (немесе уайымдайды), сондықтан қысым көтеріліп кетеді. Сол үшін кейде оларға қажет емес дәрілер жазып береді. Сондықтан, егер отбасыда қысыммен проблемасы бар адам болса, үйге қысым өлшейтін тонометр алып, оны дұрыс қолдануды үйреніп алған артық етпейді.
А. Жапатова