Қыста жиі қозатын аурулар

Қыста жиі қозатын аурулар
Фото: sclerodermanews.com

Қыстың алғашқы қары да жауды. Қыста адамдардың арасында жиі сырқатқа ұшырайтындары бар. Мәселен жеңіл тұмау, суық тигізіп алу сынды жағдайлар орын алады. Сақтанып жүргеніңіз абзал. Ал одан бөлек ше?

Жүректі жүдетпеңіз

Жұртшылық арасында жүрек-қан тамырлары аурулары жаздың аптап ыстық күндерінде қозады деген ұғым бар. Ал статис­тикалық деректерге қарағанда, керісінше, мұндай аурулар қыста күшейеді екен. Әсіресе қан қысымы артуы жиілейді, өз кезегінде бұл жүрекке салмақ түсіреді. Одан бөлек, тұмау, жедел-өтпелі тыныс жолы аурулары, ангина бұл кезде жиілейді де, дұрыс емделмесе жүрек бұлшық еттерінің қабынуына (миокардит) соқтырып, тіпті жүрек жетіспеушілігіне де себеп болады екен. Ыстық және суық ауаның кенеттен алмасуы да коронарлық артерия тамырларының құрысуын, инфарктті туындатуы мүмкін.

Қыста адам дұрыс тамақтанбайды, оның қимыл-қозғалысы да азаяды, өз кезегінде бұл ағза ұлпаларына оттегінің жетіспеушілігін туындатады, одан зат алмасуы нашарлайды. Осының бәрі түптің-түбінде атеро­с­клероз, инфаркт, инсульт сияқты ауруларға себеп бола алады.

Сондықтан қыста таза ауада жиірек серуендеген абзал. Күн аязды болса, денені оған біртіндеп үйрету керек. Тұмауға қарсы екпе жасат­қан жөн. Әсіресе бұл жүрек-қан тамырлары дертінен зардап шегетіндер үшін қажет.

Семіруден сақтаныңыз

Қыста адам ағзасында  эндорфин (қуаныш гормоны) аз түзіледі, сол себепті адам дистонияға жиі шалдығады. Мұндайда кей адамдардың майлы, тәтті немесе ащы тағамдарға тәбеті артады. Бұл эндорфин түзілуі үшін қажет. Бірақ тамақты бұлайша шамадан тыс жеу семіруге себеп болады. Күн сәулесінің әсерінен түзілетін Д витаминінің жетіспеушілігі де осындай жайларға соқтырады. Сондай-ақ зат алмасуының баяулауы да семіруді күшейте түседі.

Авитаминоздан абайлаңыз

Қыста тері түлеп, құрғап, қышитын, ерін ұштары жарылатын, тіс, иек қанайтын кездер болады. Шаш та тез құрғап немесе майланып, жиі түседі. Тырнақ сынғыш болады. Осының бәрінің негізгі себебі – авитаминоз. Қыста адам ағзасына  азықпен бірге түсетін витаминдер азаяды. Жаздағыдай бал­ғын көкөніс, жеміс-жидектер жоқ, ал ұзақ сақталған, өңделгендерінде ағзаға қажетті витамин, микроэлементтер аз. Оның үстіне адам қыста жиі ауырып, түрлі антибиотиктер қабылдайды, бұл ішектің микрофлорасын бұзады.

Мұндай жайсыз­дықтар­ға ұрынбас үшін ақуыз, май, көмірсуы теңдей дәрежедегі азықтарды тұтынуға тырысу керек. Ет, сүзбе, жұмыртқа, балық еті, көкөніс, жеміс-жидектер, дәнді-дақылдар ағзаға пайдалы. Ондай азықтар аздық етсе, поливитаминдер, витаминді препараттар қабылдап тұру керек. Бірақ қандай да бір витамин немесе дәрі ішу үшін алдымен дәрігермен кеңесіп алған абзал.

Аллергияға ұрынбаңыз

Қыста кей адамдарды аллергия әбіржітетіні бар. Яғни терінің кей жерлері тітіркеніп, қышиды немесе ашиды,  бөртеді. Бұл – ыстық-суықтан. Ондайға ұрынбас үшін теріні ыл­ғалдап тұрған жөн, яғни арнайы крем жағуы керек, суды жеткілікті мөлшерде ішіп жүрген жөн. Жалпы, теріні ылғалдау далаға шығардан кемінде бір сағат бұрын жасалғаны дұрыс.

Кейде мұрын бітеліп, көз жасаурайтыны болады. Бұл суықтан болатын ринит немесе коньюктивит бел­гісі. Оны антигиста­мин­дік препараттармен емдейді.

Ылғалдың жетіспеуі немесе көптігі, суық, жел сияқты жағымсыз жайлар хейлитке де соқтырады.  Бұл – ерін ауруы. Ол көбіне таз ауада жұмыс істейтін адамдарда кездеседі. Төменгі ерін құрғап, ұсақ бөртпелер пайда болады.

Теріде қабыну немесе басқадай бір жағдай бол­ғанда бірінші кезекте дәрігерге көрінген абзал. А, Е, С витаминдерін қабылдау керек. К витаминін, В тобы витаминдерін түзетін бифидобактериялар қабылдаған жөн. Бұлар денсаулыққа да, дене сымбаты үшін де пайдалы, ағзаға азықтық заттардың жақсы сіңуін қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ жайсыздық сезінген кезде аскорбин қышқылын, дәрілік шөптер тұнбасын ішіп тұрған пайдалы. Дене сымбатының қалыптан артып кетпеуін қадағалау керек. Қыста адам 3-4 килоға оңалса, жаман емес, ал салмақтың одан көп болуы денсаулыққа зиянын тигізеді.

www.zamana.kz

М. Ақан