- Негізгі бет
- Денсаулық
- Қыс. Дәрі қобдишасын...
Қыс. Дәрі қобдишасын реттейік!
Қылышын сүйретіп қыстың келуіне де көп қалған жоқ. Қыс жалғыз келмейді. Ол өзімен бірге бар суығы мен ызғарын қоса ала келеді. Демек бұл мезгілде тұмаудың дәурені жүреді. Әйткенмен біз суық өтіп, тұмау төбемізге шығып жайғасып алғанда ғана дәрі іздейміз. Сөйтеміз де, тұмауға қатысы бар дәрі-дәрмектің бәрін сатып аламыз. Оның қажеті жоқ. Тұмаудың бетін қайтаратын ең маңызды деген бір-екі дәрі-дәрмекті пайдалансаңыз да жетіп жатыр.
Тұмау қыс бойы сіздің отбасыңыздың іргесіне жоламасын десеңіз, қыс мезгіліне арнап дәрі-дәрмек салынған қобдишаны ретке келтіріңіз. Керегін алып, жарамдылық мерзімі өткен керек еместерін тастаңыз. Егер сіздің қыстық дәрі қобдишаңыздың ішіндегі дәрілер түгел болса, сіз ауру жақындаған тұста уақытты да, ақшаны да үнемдейсіз. Бастысы – біздің денсаулығымызды бұзуға жолға шыққан тұмаудың бетін дер кезінде қайтарасыз.
Халық медицинасынан қандай дәрілер мен басқа да емдік құрамдардың қыстық қобдишада болғаны дұрыс?
Дәрумендер сіздің иммунитетіңізді қорғауға дайын!
Естеріңізде болсын, иммунитеті мықты ағзаға вирустар мен бактериялар аса жолай бермейді. Аурудың қармағына ілінгеннің өзінде де тұзы жеңіл болуы әбден мүмкін. Сондықтан біз сіздерге алғашқы кеңес ретінде дәрумені көп өнімдерді жеу керектігін айтар едік. Әсіресе С дәрумені бар өнімдерге құмар болуға тырысыңыздар. Егер не жеу керектігімен бас қатырып жатсаңыз, дәріханаға барып ондағылардан отбасы мүшелерінің бәріне не жеке өзіңізге қандай дәрумендерді қолдану керектігі жайлы кеңесіңіз. Дәріханадан Витрум, Супрадин, Дуовит, Квадевит секілді және басқа да (дәріханашының ұсынуымен) дәрумендерді сатып алып, қыстық қобдишаңызды толтыра беріңіз.
Бал дайындап қойыңыз!
Балды тұмау тиіп суықтаған кезде дәрі орнына пайдалансаңыз болады. Балдың бактерияларды жоятын, ісікке қарсы тұратын және сергітетін жақсы қасиеті бар. Сонымен қатар, сүтке бал қосып ішсеңіз бар суықты шығарып, терлеп те алуға болады. Оның үстіне бал жөтел кезінде тыныс алу жолдарын жақсартуға да көп көмектеседі.
Итмұрын, шеңгел, мүкжидек
Тұмау кезінде көптеген сұйықтықтарды қолдануымызға тура келеді. Мұндайда итмұрынның, шеңгелдің және мүкжидектің шәйларын ішкен дұрыс. Мұндай жидектерде С дәрумені көп болады. Олардың суықтың бетін қайтаруда және ыстық көтерілгенде ағзаны қалыпқа келтіруде көмегі көп. Итмұрынды бөлме температурасында құрғақ жерде сақтау керек, ал мүкжидек пен шеңгел шәйларын мұздатып қоюға да болады.
Вирусқа қарсы дәрі-дәрмектер
Тұмаудың өршуіне басты себеп – вриустардың біздің ағзамызда «еркінсуі». Сондықтан ең алдымен осы вирустармен күресуді бастау керек. Дәріханаларда балаларға арналған вирусқа қарсы тұратын дәрі-дәрмектің түрі көп. Солардың ішінде рамантадин, интерферон, анаферон, амизон, амиксиндерді ерекше атап өтуге болады. Мұндай дәрі-дәрмектердің вирусқа қарсы тұру қабілеті жоғары. Сондықтан осыларды қолдануға кеңес береміз. Егер ауру енді басталып келе жатса ем қабылдауды бірден амиксиннен бастаған жөн.
Ыстықты басатын емдік құрамдар
Температураның көтерілуі тұмау кезінде көбірек болады. Сол үшін қыстық қобдишаның ішіне ыстықты түсіретін дәрі-дәрмектерді де салып қою керек. Мысалы парацетамол, ацетилсалицин қышқылы және ибупрофен.
Тамақ булау
Тұмау мен сық тию кезінде тамақты булау арқылы тыныс алу жолдарын тазалауға болады. Тамақты түрлі дәрі шөптермен тазалаған дұрыс. Көбіне бұл мақсатта эвкалипт, түймедақ, қырмызы гүлдері, жалбыз және басқа да дәрілік шөптер мен өсімдіктер қолданылады. Егер сіздің балаңыз (немесе отбасыңыздың басқа да мүшелері) жиі бронхитпен ауыратын болса, мына шөптердің берері мол болмақ. Олардың тыныс алу жолдарын ашуға да пайдасы көп.
Сәбилерге арналған дәрі-дәрмектер
Көптеген дәрі-дәрмектерді (соның ішінде балаларға арналған дәрі-дәрмектерді) екі жастан бастап пайдалана беруге болады. Ал егер сіздің отбасыңызда екі жасқа әлі толмаған сәбилер болатын болса, онда оларға да ыстықты түсіретін, жөтелдің бетін қайтарып, вирустармен күресетін дәрі-дәрмектерді алып қою керек. Сәбилерге арналған екі жасқа дейінгі жас балалар қолдануға болатын дәрлерді таңдау керек.
Қаупі жоқ дәрі-дәрмектерді таңдаңыздар
Біз атын атап өткен не басқа да дәрі-дәрмектерді сатып аларда қосымша нәтижелеріне де көңіл бөліңіз. Әсіресе сіздің отбасыңыздың бір мүшесі созылмалы аурулармен ауыртан болса оған кейбір дәрілердің кері әсері тиюі әбден мүмкін. Дәрі-дәрмектердің нұқсаулықтарын мұқият оқып, жарамдылық мерзіміне қатты көңіл бөліңіз және дәріханашымен кеңесіп дәрі таңдаудан қашпаңыз.
Бүкіл отбасы мүшелеріне арналған жөтелге қарсы дәрі-дәрмектер
Кейде тұмау кетіп, жөтел ұзаққа қалып жатады. Сондықтан дәрігерлер отбасының жасынан үлкеніне дейін құрамында карбоцистеині бар дәрі-дәрмектерді ішуге кеңес береді. Мысалы Муколик 2% шәрбатын (сироп) бір айдан асқан сәбиден қарт адамға дейін ішуіне болады.
Қыздыратын майлар мен сасыршөп
Жөтелді басуға қыздыратын майлардың көмегі көп тиеді. Майды түнде жатар кезде кеуде тұсқа және белге жағу керек. Тіпті күндіз де бұл емді жасай беруге болады. Мұндайда Доктор Мом майы, Гриппаут майы, Хелпекс эффект майы, Комбигрипп майы көп ұсынылады.
Естеріңізде болсын, біз айтқан немесе басқа да дәрі-дәрмектерді қолданар алдында не дәріханашымен кеңесіңіз не дәрінің нұқсаулығына аса мән беріңіз. Ең дұрысы, ауырмаңыз!
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: medinfo.tomsk.ru
А. Әбілхан