Күздің алғашқы айы да ортасына жетіп калды. Қазір табиғатта күн қысқаруы, ауа қызуының құбылуы секілді өзгерістер жүріп жатыр. Осыған орай ағзадағы ішкі биологиялық ырғақ та өзгеруде. Бүгінде ағзаның ішкі биологиялық ырғағы сыртқы табиғи ырғаққа бейімделуге әрекет жасап жатыр. Сыртқы өзгерістер ағзаға күйзеліс әкеледі. Негізі салдарынан денсаулығында кінәраті бар адамдарда өмірлік қуат азая түседі. Бұдан тез шаршау, көңіл-күйдің нашарлауы, кейде себепсіз құлазу туындайды. Бір қызығы, бұл кезде адамда ми жұмысының белсенділігі арта бастайды. Бірақ ол депрессия туындатады. Бұл күндізгі уақыттың біршама қысқаруына байланысты, ол мелатонин гормоны түзілуін төмендетеді. Мұндайда таза ауада жиі серуендеген жөн. Жарық жақсы түсетін жерлерде көбірек болған абзал. Жалбыз, валериана сияқты жүйкені тыныштандыратын тұнбалар ішіп тұрған жақсы. Күзге қарай тері астына май жинала бастайды. Бұл да ағзаның қысқа дайындалуына байланысты табиғи құбылыс. Дегенмен бұл кезде асқазан-ішек дұрыс жұмыс істейді. Сондықтан ішек белсенділігі жылдам арта бастайды, асқазан және ішек сөлі көптеп бөлінеді. Олар ас қорыту жолдарының кілегей қабатын тітіркендіреді. Бұдан асқазан-ішек жолында кінәраты барларда аурудың асқынуы туындайды. Ал мұндай болмас үшін асқазан-ішектің кілегей қабатын тітіркендіретін азықтардан (чипсы, тұзды дәмдер, газды сусын, алкоголь, т.с.с.) аулақ жүрген дұрыс. Асқа дәмдеуішті барынша аз қосқан абзал. Оны пісіріп, булап, бұқтырып жеген жақсы. Тітіркенуді басатын шөп шай (түймедақ, зверобой, т.б.) ішіп, асқазан сазғанда антицидті препараттар ішкен жақсы. Күзде ағза жұмысы өзгеруіне қарай қан қысымы да көтеріле түседі, одан жүрекке, оның бұлшық еттеріне салмақ артады. Сондықтан бұл кезде қан қысымын да қадағалау керек. Егер қысым қалып шегіне жетіп келе жатса, онда зәр қуатын, жүрекке жеңілдік беретін дәрмектерді қолданған жөн (әрине, дәрігер кеңесімен). Бұл кезде өкпеге де оңай емес. Оның жұмысы күшейеді: тыныс алу жиілейді, газ алмасуы артады. Оған оттегі көбірек керек. Өкпенің, тыныс жолдарының жұмысы арту созылмалы тыныс жолдары кінәраттарының қабынуына алып барады. Адам жиі суықтайды. Өйткені иммунитет төмендеп жатыр, оның үстіне адам көпшілік жиналған жабық ғимараттарда жиі болады. Ауа температурасы төмендегеннен-ақ ағзаға қажетті калория 5 пайызға артады. Дене қызуын қалыпта ұстау үшін тері астына май түзіле бастайды, ол қажетті деңгейге қалыңдайды. Ауа қуаты жылу түзуге көбірек бағытталады. Көмірсулар азайып, май көбейе бастайды. Ағзадан зәрмен бірге суды ерітетін С, А, В2 вдәрумендері көбірек шығады, есесіне майда еритін А, Д, Е дәрумендері көбейеді. Сондықтан балғын көкөніс, жеміс-жидекті көбірек жеген жөн. Дәрігермен кеңесіп, дәрумендер кешенін қабылдаған жақсы. zamana.kz