Күзді күңгірт ететін төрт ауру

Далада қандай мезгіл болса да, денсаулығына еш зиян келмейтін адамдар көп емес шығар, сірә. Құбылмалы ауа-райының бәрімізді де аурудың артына жегіп қоятын әдеті бар. Жаз мезгілі болғанымен, суық тиіп ауырып жүргендер де аз емес. Ал күз болса ше? Күз де бізге құр алақан келе қоймас. Оның да алып келген «базарлығының» барына сенімдіміз. Базарлығы – ауруы. Жанымыз жаздың тағы бір-екі айға созылғанын қалап тұрса да, күз келмей қоймайды. Енді біраз күннен соң езуін аз ғана жинап қыркүйек келіп кірмек. Мезгіл ауысқанда денсаулыққа аса сақ болуды баса айтқымыз келеді. Сол үшін бүгін біз сіздерге күз мезгілінде төрімізге «күліп» келіп, денсаулығымызға қауіп төндірер аурулар жайында ақпарат бермекпіз.

Тұмау

Қазан мен қараша айларында тұмауды қоздыратын вирустар қаптайды. Олардан қорғану үшін қарсы дәрі-дәрмек қолдану керек. Болмаса оның басқа да жолдары бар:

- Жаңғақты көбірек жеңіз;

- Бұршақ қосылған ыстық тағамдарды көбірек дайындап, ішіңіз;

- Шөп шәйлардан бас тартпаңыз;

- Дәрумендер қабылдаңыз;

- Үйден шығарда мұрныңызға оксолин майын жағып алуды ұмытпаңыз;

- Шырышты қабықтағы вирустарды тазарту үшін сырттан келгенде мұрныңызды және тамағыңызды тұз ерітіндімен шайыңыз;

- Температураға қарсы киінбегеніңіз жөн. Өйткені температура өзгерген сайын біздің иммунитетіміз вирустардың алдында өте дәрменсіз күйде болады. Суық жерден жылы орынға бас сұққанда бірден сырт киіміңізді шешіп алыңыз. Сыртқа шыққанда да жеңіл киініп алмаңыз.

- Тұмаудың алдын алатын дәрілік шөптерді дәрігердің нұсқауымен қабылдаңыз;

- Лимонмен шәй ішіңіз;

Жүрек ауруы

Дәрігер мамандардың айтуынша, жүрегі нашар адамдарда мезгіл ауысқан тұста жүрек талмасы ауруы екі есеге көбейіп, инсульт ауруына душар болу қаупі арта түседі. Ал дені сау адамдарда қан қысымы онша көтеріле қоймайды.

Егер күз келгенде жүрегіңіз мазаңызды қашырмасын десеңіз мына кеңестерге ден қойыңыз:

- Алдын-ала ауа-райынан хабардар болып отырыңыз. Жауынға да, желге де, бұлтты күнге де дайын болыңыз;

- Жүрегіңіз аздап болса да сыр бере бастаса дәрі-дәрмек қабылдап алдын алыңыз;

- Алдын-ала қан қысымыңызды өлшеп, назарда ұстаңыз;

- Арнайы қолайсыз ауа-райларына арналған дәрі-дәрмектерді дәрігерлердің нұсқаулығымен қабылдаңыз;

- Дәрі-дәрмектердің жарамдылық мерзімінің өтіп кетпеуін қадағалаңыз;

- Ал егер жүрегіңіз кеудеңізге сыймай, ауруы үдей бастаса «Жедел жәрдемнің» көмегіне жүгініңіз;

- Жүрекке калий жетіспегендіктен әлсірейді. Ол үшін кептірілген өрік, жүзім, банан жеңіз;

Асқазан ауруы

Мезгіл ауысқан тұста тамақтанудан да маза кетеді. Сағат сайын әйтеуір бір тағамнан ауыз тиіп тұру керек. Күз мезгілінде асқазан ауруының да алқымыңыздан алғанын қаламасаңыз мына кеңестерді керегіңізге жаратыңыз:

- Қуырылған картоп пен котлеттен бас тартыңыз;

- Тұзды, ащы және майлы өнімдерді де көп жемеуге тырысыңыз;

- Қою қызыл шәй мен кофенің де түкке керегі жоқ;

- Ішімдіктен де алыс болыңыз;

- Ағзаға ақуыз керек болғандықтан, майсыз ет пен балықтан бас тартпаңыз;

- Тағамдардың да температурасына аса мән беріңіз;

- Тым суық немесе тым ыстық тағамдардан бас тартыңыз;

- Балмұздақты жазда жеп үлгеріп қалыңыз. Күзде оның зияны болмаса, дым да пайдасы болмай қалады;

- Асқазан ауыра бастағанда дәрі-дәрмек пайдалануға келгенде абай болыңыз. Тіпті жәй ғана аспирин мен бас ауруын қойдыруға арналған дәрінің өзі онда кезде кері әсерін беруі әбден мүмкін.

Буын ауруы

Буын ауруы әр мезгіл ауысқан сайын егде жастағы кісілердің жанын жейді. Бұл аурумен қазір шамамен 35 жастан асқан барлық әйелдер ауырады. Ыстық ауа райы өзгеріп, бірден суынып кетуі буынға әсер етпей қоймайды. Егер буын ауруы буынсыз жерге пышақ ұрмасын десеңіз мына кеңестерді жадыңыздан шығарып алмаңыз:

- Жылы киніп жүріңіз. Аяқты жылы ұстаңыз. Қалың шұлықтардан бас тартпаңыз;

- Қолыңыздан қолғапты, басыңыздан бас киімді тастаушы болмаңыз;

- Биік өкшелі аяқ киімдерді көктемге дейін сандықтан шығармауға тырысыңыз. Биік өкшелі туфлилерді кигенде аяққа қатты салмақ түсетінін ұмытпаңыз;

- Дәрігерлердің қабылдауында жиі болып тұрыңыз;

- Олар берген дәрі-дәрмектерді уақтылы қабылдаңыз;

- Буынның жанды шығара ауыртуын күтпей, сәл сыр бере бастағаннан-ақ дереу ем қабылдауға көше бергеніңіз жөн;

- Кальцийді көбейтетін тағамдардан бас тартпаңыз;

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: arh.aif.ru, zdorovieinfo.ru