Жайдары жаз өтіп, күз мезгіліне аяқ басқанда көпшілігі бойынан қуат кеткенін сезіп, ештеңеге зауқы соқпай, беймаза күй кешеді. Денсаулығында да біраз өзгерістер орын алып жатқанын сезгенімен, оның себебіне бойлай бермейді.
Жүрек талмасы ұстайды. Күн салқындағанда кардиологиялық аурухананың науқастары көбейе түседі. Себебі қан қысымы көтеріліп, қан ұйып қалуы да мүмкін. Оның алдын алудың жалғыз жолы, әсіресе жүрегінде ақауы бар жандар қалың киініп жүргені жөн.
Көз жанары құрғайды. Күздің құрғақ ауасы көз жанарын да құрғатып жібереді. Суықтан көз ішіндегі жас азайып, көз қабығының жабысқақтық қасиеті азаяды. Бұл симптомды жеңілдету үшін көзге арналған «жасанды жас» тамсышын тамызып жүрсеңіз болады.
Тері құрғап, суықтан жарылуы. Жақпа май, лосьон қолданып, жылы душ қабылдау, ыстық ваннаға түсу теріңізді нәрлендіреді.
Арқа, мойын ауыруы. Күн суып, аспан бұлттана бастағанда арқасы, желкесі ауыратын жалғыз сіз емес. Ал бұл атмосфералық қысымнан сіңірдің, бұлшықеттің тартылуымен түсіндіріледі.
D дәрумені дереу азаюы. Күннен алынатын бұл дәрумен деңгейін қалыпты ұстау үшін терінің киімсіз бөлігіне күн тікелей түсетіндей, далада аптасына кем дегенде 2 рет 5 минуттан серуендеп жүру керек. Одан да көбірек күн астында жүрсеңіз, ағзаңыз D дәруменімен толығып, жұмысқа қабілеттелігіңіз де арта түседі.
Өзіңізді жабыраңқы сезінесіз. Күзгі депрессия меланхоликтердің ойлап тапқаны емес, шынында да ойлантарлық мәселе. Бұл да күннің аз түсуінен, сәуле жетіспеушілігінен туындайды. Эндорфин гормонын қалыпты ұстап, депрессияны жеңу үшін спортпен шұғылдануға болады, мысалы жүгіру, билеу.
Тыныс алу қиындауы. Құрғақ ауа тыныс жолдарын тітіркендіреді. Нәтижесінде астма секілді тыныстық аурулар асқынуы ықтимал. Өкпеңізде мәселе бар болса, далада жүріп спортпен айналыспаған дұрыс.
Суық тиіп ауыру. Бұл кезде кинотеатр, магазин, кафе, клуб секілді көпшілік орындарға бармауға тырысыңыз. Ауа салқын кезде вирус та белсенді бола түсетінін білсеңіз, тұмау неге күз мезгілімен егіз екенін түсінерсіз.
Шаш екі есе көп түсуі. Күніне адамның 50-100 шашы түсіп отырады, оның орнын жаңа шаш басады, бұл қалыпты жағдай. Ал күніне жүзден астам шашыңыз түсіп жатқанын байқасаңыз, алаңдайтын ештеңе жоқ, бұл қазан-қараша айлары келгенін білдіреді.
Артық салмақ. Адам тоңып, дірілдей бергеннен ағзасы ыстық тамақ пен сусынды жиі-жиі сұрап тұрады. Майлы, ащы тағамдарды көп жейді. Сондықтан тәуліктік қабылдайтын калориясы дереу артады. Оның үстіне D дәрумені азаюы да салмақ арттыруға үлес қосады.
Бастың жиі ауыруы. Күз мезгілі бас сақинасын асқындыратын факторларға толы. Оған ауа құрғақтығынан бастап атмосфера қысымына дейінгі себептер жетіп артылады.