Адамдардың бір-біріне деген жылылығы, мейірімділігі, бауырмалдығы ыстық құшаққа оранғанда сезіледі. Құшақтау махаббатотына дауыл болып тиіп, жүректі еріксіз тулататын әрекет. Екі ғашықтың сезімдерін нығайтып, адамға жағымды әсер береді. Бірақ, құшақтасу тек қол ұстасқан қос ғашықтың арасында ғана болуы тиіс іс емес. Ана, әке, жақыныңды, дос-құрбыңды құшақтаудың маңызы зор. Адам психологиясына оң әсерін тигізумен қоса, денсаулықты қалыпқа келтіруде үлкен маңызға ие құшақтасу қимылы медицина мамандарының зерттеуі бойынша, дәл қазіргі дәуірде дәурені жүрмей тұрған қарапайым ғана әрекет. Осыған қарап, қазіргі қоғамда орын алып жатқан атыс-шабыстың, қатігездіктің себебі адамдар арасында жылулықтың, мейірімділіктің жетіспеуінен бе деп ойлайсың. Осындай, микробтай көзге көрінбес мәселелерді шешу үшін Халықаралық құшақтасу күні де бекітілді. 21 қаңтарда бірнеше елдің халқы дәл осы мерекені салтанатты түрде атап өтеді. Америкалық танымал психолог Вирджиния Сатирдің жүргізген сынақтарының қорытындысы бойынша, қарапайым адам қалыпты өмір сүру үшін күнделікті 4 рет, жақсы өмір сүру үшін 8 рет, өте жақсы тіршілік ету үшін 12 рет құшақтасу керек екен. 1970 жылдан бастап адамның жүйке жүйесінде кездесетін эндорфин атты химиялық зат ғалымдардың қызығушылығымен зерттеле бастады. Эндорфин эйфория сезімін шақырып, ауырсынуды басатын морфин тәріздес химиялық зат. Вирджинияның зерттеуі бойынша, дәл осы атаулы дүние құшықтасу барысында көп мөлшерде бөлініп, жүйке жүйесін тыныштандырады. Адам терісінде сыртқы ортаға жауап беретін мидың жеке белсенді бөлігі бар. Егер жас сәбиді ата-ана кішкентай күнінде еркелетіп, бауырға баспаса осы бір бөлікке зақым келіп, ол жансызданып қалады. Осы кемшіліктің салдарынан 7 жасқа дейін ата-анадан, жақыннан жылылық сезінбеген балада психологиялық ауытқулар байқалады екен. Жас ұлғайған сайын бұл дерт те асқынып, түбінде түрлі қылмыстық оқиғалардың орын алуына себепкер болады. Құшақтасудың пайдасы қандай? Тыныш ұйқыға себепкер болады; Иммундық жүйені қалыпқа келтіреді; Қосымша энергия, күш-қуат береді; Орталық жүйке жүйесін ынталандырады; Жасартады; Күйзелістен арылуға көмегін тигізеді; Адамның өзін дұрыс бағалауына септігін тигізеді; Ішкі қорқыныштан арылтады. Құшақтасудың пайдасы жайында ежелгі шығыс ғұламалары өз еңбектерінде бірнеше мәрте жазған. Өзін жақсы көретін саналы адам күнделікті құшақтасуды әдетке айналдыру керектігін де ескерткен.