Нұрын шашқан күн - барлық тіршіліктің бастауы, жылу мен көктемгі көңілді сыйлайтын үлкен қуаныш нышаны. Алайда күннің астында тым көп уақыт жүрсеңіз, оның әсері теріс болмақ. Көктемнің ақырындап жазға ауып бара жатқан маусымында, арулардың басты мәселесі күннен қорғану болса керек. Сондықтан да жаздың ыстығын күтпей, қазірден бастап күннің сәулесінен қорғану шараларын қолға алыңыз.
Құрамында SPF (sun protection factor) қорғанысы бар кремді қолдана бастаңыз. Оны таңдауға үлкен көңіл бөліңіз. Егер теріңіз нәзік, сезімтал болса, бетіңізде секпіл не мең көп болса, шашыңыз бен көзіңіздің түсі ашық болса, SPF көрсеткіші максималды крем таңдаңыз, мысалға SPF50. Аққұба, шашы ашық қоңыр қыздарға SPF40 кремі дәл келеді. Ал дәл сондай аққұба бірақ шашының түсі қоңыр-қара, көздері қоңырқай қыздарға SPF30 қорғанысы жарайды. Қараторы, көздері мен шаштары қара қыздарға SPF15 кремі қажет. Алайда күннің әсері сіздің теріңіздің түсіне ғана байланысты емес, ультрафиолет сәулелері тіпті қараторы қыздардың терісіне жаман әсерін қалдыра алады. Егер күніңіз кеңсе, не үйіңіздің ішінде өтіп, далада аз жүрсеңіз, SPF15 таңдасаңыз болады. Қорғаныс кремін далаға шығуға 20-30 минут қалғанда жағып алыңыз. Осылайша крем теріңізге сіңіп үлгеріп, сізді расымен қорғай алады. Кремді аямаңыз! Дерматологтар өткізген сараптама бойынша, қыздардың көбісі қажетті кремнің мөлшерінің жартысын жағады екен. Крем теріңізге түгел жағылғанына көз жеткізіңіз. Терідегі кремді жаңартып тұрыңыз. Егер күннің астында 2 сағаттан көп уақыт жүріп қалсаңыз, кремді қайта жағуыңызға кеңес береміз. "Киім киген жерге күн тимейді!" Бұл қате тұжырым. Киіміңіз еш уақытта сізді күннің жаман әсерінен толықтай қорғай алмайды. Мысалға, кәдімгі жеңіл жейденің SPF көрсеткіші 7. Жағажайдағы қолшатырдың да қорғанысы одан шамалы ғана артық. Сондықтан қалайша күйіп кеткенмін деп таңданып жүрмеңіз. Теріңіздегі мең, қал, пигментті дақтарға ерекше көңіл бөліңіз. Ыстық күндері оларға абай болып, оларға механикалық зақым тимеуін қадағалаңыз. Ультрафиолет әсерінен қалдарыңыздың өзгеріп, қызарып, өсіп кетпегеніне көз жеткізіп отырыңыз. Теріс жағдайда дерматологтың көмегіне жүгінгеніңіз жөн болады. Қосымша қорғаныс. Қалпақ осы маусымның ең сәнді заттарының бірі. Сондай-ақ ол бетіңізді күннен қорғай алады. Шаш қорғайтын сұйықтықтар, күннің астында көп жүргеннен кейін қолданатын кремдер - міне осының бәрі сізге қосымша қорғаныс болмақ.Сурет: ehow.com.