Жаз күндері бәрінің арманы жылы теңізге шомылып, жағажайда жатып, күннің сәулесіне жылыну емес пе? Алайда абай болғаныңыз жөн: күнге күйіп қалуыңыз әбден мүмкін. Бұл келеңсіз жағдайдың алдын қалай алып, орын алған жағдайда, қандай ем-дауалар қолдану керектігімен таныс болыңыздар.
Күнге күйіп қалмау үшін не істеу керек?
Ашық күннің астында жүру уақытын кішкенеден бастап, бірқалыпты түрде үлкейту керек. 15 минуттан бастап күнделікті 5-10 минут қосып отырыңыз. 11-00 мен 16-00 арасында күннің астында жүрмеңіз: бұл кезде күннің сәулелері қауіпті болады. Демалыста жүргенде бірінші бір-екі күн теріге күн сәулесінен қорғайтын крем жағып, одан кейін ғана күнге күюге арналған сұйықтықтар қолданғаныңыз жөн. Жағажайда отырғанда мұздай суық су мен сусындарды ішпеген жөн, оданша салқын компот, морс, минералды су ішкен дұрыс. Иегі кең бас киімді тіпті шешпеген дұрыс.Егер күнге тым күйіп қалсаңыз:
Мейлінше көп су ішуге тырысыңыз. Құрамында С дәрумені, бета-каротин (сәбіз, орамжапырақ), Е дәрумені (жаңғақтар) көп тағамдарды жеңіз. Қатты зақымдалған терінің бетіне қиярдың тілімдерін не жасыл шай қалташаларын қойыңыз. Салқын душқа жиі түсіңіз. Иіс сабындар мен әтір қолданбағаныңыз жөн. Сондай-ақ денеге арналған скрабтарды пайдаланбаған дұрыс. Жалпы құрамында спирті бар заттарды мүлдем қолданбаңыз. Құрамында ши не пальма майы бар ылғалдандыратын кремдер мен лосьондар қолданыңыз. Минералды суға бірнеше тамшы лаванда майын тамызып, сұйықтықты су шашқыш ыдысқа құйып қойыңыз. Ыдысты өзіңізбен тасып, күні бойы теріңізге шашып отырыңыз. Мұз дайындайтын пішіндерге алоэ шырынын құйып, мұздатып қойыңыз. Мұзбен теріңізді сүртіп жүріңіз.Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: vk.com